Оқушылар бәліш сатып, жиналған ақшаны Орал қаласына жіберді

407

Олар мектепте акция ұйымдастырып, бәліш пен тәттілер сатқан. 

Оқушылар бәліш сатып, жиналған ақшаны Орал қаласына жіберді Фото: Көкмардан мектебі

Отырар ауданындағы Көкмардан жалпы орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қаржылай көмек берді, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.

"Су – тіршілік көзі" атты ашық сабақ өткен бастауыш сынып мұғалімі Қызайым Алтынбекова тақырыпты еліміздегі су тасқынмен байланыстырған. Зардап шеккен халыққа ел болып көмек беріліп жатқанын айтып, сабақты кең көлемді талқылап, түсіндірген. Күнделікті өмірді күрделі тақырыппен ұштастыра білген оқытушының сабағына белсенді қатысқан оқушылар да су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек бергілері келетіндігін айтқан. Содан ертеңіне ата-аналарының көмегімен тәттілер пісіріп алып келген. Үлкен үзілісте акция ұйымдастырып, бәліш пен тәттілерді сатқан. Ал түскен қаржы аз болса да, Орал қаласына көмек ретінде аударылды.

"Ауылымыздың тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жіберді. Бұл іске мектебіміздің ұстаздары да өз үлесін қосты. Игі іске оқушыларымыз да атсалысып жатыр. Бұл елдегі жағдайға бүлдіршіндеріміздің де бейжай қарамағандығын көрсетіп отыр. Жиналған қаржы аз болса да, кең көңіл үшін оқушыларымызға айтар алғысым шексіз" - дейді Көкмардан мектебінің директоры Бимен Мырзаш.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу