Осы оқиғадан кейін білім ордасының директоры қызметінен кетті. Ақпаратты қалалық білім басқармасы растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде тараған видеода оқиғаның елордадағы № 99 мектепте болғаны туралы айтылған.
Астана қаласының Білім басқармасы оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Екінші ауысымның сабақ кестесін ұйымдастырудағы сәйкессіздіктен, жеті сыныптың оқушылары бір уақытта сабақтан шыққан. Салдарынан киім ілетін орында қысқа мерзім ішінде оқушылар саны көбейген. Бейнекамералардың жазбаларын тексеру нәтижесінде оқушының талып қалып, құлағаны туралы ақпарат расталмады", – делінген хабарламада.
Мектептің киім ілетін аумағында қызметкерлердің бақылауы мен кезекшілігі күшейтілгені белгілі болды.
"Бұдан бөлек, қосымша шаралар қабылданды. Осы оқиғаға байланысты мектеп директоры қызметінен босатылды", – деп хабарлады басқарма.