Павлодар облысында тұмау дендеп тұр. Қазан айының ортасынан соң жұқпалы вирус тіпті өршиді деген болжам бар. Мұндай жағдайда шәкірттер онлайн оқуға көшетін болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
1 қазаннан бастап Павлодар облысында ЖРВИ жұқтырған 26 мыңнан астам жағдай тіркелді. Олардың қатарында 66%-ы – 14 жасқа дейінгі оқушылар. Дәрігер алдағы 5-10 күн дересінде сырқатқа шалдыққандар саны арта түсуі мүмкін деген болжам айтуда.
"Аурудың алдын алу үшін облысқа "Гриппол плюс" ресейлік вакцинасының 90 дозасы жеткізілді. Ол диспансерлік есепте тұрған, балалар үй, қарттар үйінің азаматтарына, жүкті әйелдер мен медициналық қызметкерлерге тегін салынады. Одан бөлек, кәсіпорындардың есебінен екпе алатындар бар. Айталық, осы уақытқа дейін зауыттарда жұмыс істейтін 930 адам тұмауға қарсы вакцина қабылдады. Жалпы, осы уақытқа дейін өңірде 36 725 адам екпе алды", - дейді Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.
Бұл ретте ЖРВИ-дің оқушылар арасында кеңінен таралуы қауіп тудырып отыр. Сондықтан бұдан былай бір сыныпта оқитын шәкірттердің 20-30%-ы тұмау жұқтырса, кабинет ауыстырып оқу жүйесі тоқтайды. Ал сырқат балалардың саны 30%-дан ассса, бүкіл сынып онлайн оқуға көшеді. Қашықтан оқыту тәжірибесі былтыр да тұмау өршіген кезде қолданылып, оң нәтижесін берген еді. Содан соң вирусты жұқтыру көрсеткіші азайған-ды. Биыл да осы жүйе қарастырылып отыр.