Оқушылар спорт залына сырт киімсіз баруға мәжбүр

488

Ақтөбедегі №33 орта мектептің асханасы мен спорт залы екі бөлек ғимаратта орналасқан.

Оқушылар спорт залына сырт киімсіз баруға мәжбүр Фото: Әзиз Жанұзақ

Бұл нысандардың бірі 1936-ыншы жылы салыныпты. Ал, екіншісінің бой көтергеніне тура 60 жыл болған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ескі мектепте талапқа сай акт залы да жоқ.Бұрынғы салтанат залының орнында қазір асхана жұмыс істеп тұр. Ата-аналардың жанына батып отырғаны да осы асхана мен спорт залының екі бөлек ғимаратта орналасуы. Жоғарғы сыныпта оқитын балалар дене шынықтыру сабағына қатысу үшін келесі ғимаратқа өтеді. Қоңырау уақытында сырт киімдерін киіп үлгермейтіндіктен, көбіне спорттық киіммен ғана жүруге мәжбүр. Соңғы уақытта балалар арасында ауру-сырқау көбейген. Сондықтан, ата-аналар тез арада екі ғимаратты қосатын жылы дәліз салып беруді талап етіп отыр.

"Қаншама жылдан бері мектеп басшылығына, басқа да жауапты мекемелерге хат жаздық.Бірақ жауап жоқ. Талабымыз – екі мектептің ортасын қосып берсін. Балаларымыз екі ортада терлеп, жүгіріп жүреді де, ауру табады. Арамызда көп балалы аналар да бар. Емге, дәрі-дәрмекке қаражатымыз жетпей жатыр. Жақын жерде аурухана да жоқ. Сондықтан, біз көпке созбай, нақты шара қабылдануын талап етеміз. Бізге басқа мектеп керек емес. Бір ай ішінде бізге нақты жауабы берілсін! Болмаса, осындағы бүкіл ата-ана балаларымызды мектепке жіберуден бас тартамыз!", - дейді шағымданушылардың бірі Шолпан Мұқақова.

Бүгін мектеп алдына отызға жуық ата-ана жиналды. Олармен кездесуге келген әкімдік өкілдері мәселені назарға алуға уәде берді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Метгүл Қосымбаеваның сөзіне сенсек, жапсарлас нысанның құрылысы көпке созылмауы тиіс.

"Жобалық-сметалық құжаттама дайындауға қаражат сұрап жатырмыз. Облыстық Білім басқармасына тапсырдық.Білім басқармасы алдағы мәслихат сессиясына ұсыныс жасайды.Галерея салған кезде сол жерге акт залын да бірге салуға ұсыныс жасап отырмыз.Өйткені, ескі мектептердің бәрінде салтанат залы мен асхана бір жерде орналасқан. Оған қанша қаржы керек екенін қазір нақты айта алмаймын", - деді ол.

Қалалық Білім бөлімінің мәліметінше, облыс орталығындағы 5 мектепте арнайы жабдықталған асхана мен акт залы жоқ. Бұл мәселе біртіндеп шешімін табуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу