Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мектеп оқушыларына ChatGPT секілді жасанды интеллекті қолдануға шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әрине, технологияның дамығаны жақсы, бірақ уақыт өте келе мұның бәрі біздің миымыздың шектелуіне, ойланбауына алып келетін бір процесс секілді. Қазірдің өзінде мектеп оқушыларының арасында ешқандай тапсырманы орындамай, жасанды интеллект, ChatGPT-ге сала салады да, тапсырманың барлығы осы екен деп отыра береді. Менің ойымша, мектеп жасындағы оқушыларға қандай да бір шектеулер қойылу керек секілді. Егер бұл шектеу қоймаса, ертең сол оқушыларымыз студент болады, еңбек нарығына араласқан кезде соның зардабын біз 20 жылдан кейін көретін боламыз. Бұл да біздің ел үшін келе жатқан үлкен бір қауіптің бірі", – деді Дәулет Мұқаев.
Цифрлық даму бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин депутаттың айтқанымен келісетінін жасырмады.
"Мысалы, Біріккен Араб Әмірлектеріндегі мектептерде ChatGPT мен басқа чат боттарға толық шектеу қойылған. Бірақ сыныптарда шектеу қоя отырып, оны үйлерінде қолдана ма, жоқ па – оны бақылау қиынға соғады. Мұнда ата-ананың да жауапкершілігі бар", – деді спикер.