Оқушылардың сабақ үстінде смартфон пайдалануына тыйым салынады

679

Сенат заңды мақұлдады.

Оқушылардың сабақ үстінде смартфон пайдалануына тыйым салынады Фото: freepik

Заң парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.

Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – білім беру саласындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру болып табылады. Заң жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізуді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді. Заңның негізгі бағыттарына тоқталсақ. Біріншіден, жергілікті әкімдіктер білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша тиісті аумақтың білім беруді дамыту жоспарының жобасын әзірлеу және оны мәслихаттың бекітуіне ұсынуы туралы", - деді құжатты таныстырған сенатор Алтынбек Нұхұлы.

Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер тиісті аумақта білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауын міндеттейтін және апаттық жағдайға жол бермеуі мен сейсмикалық орнықтылығын арттыру мақсатында олардың жай-күйін бақылауды бес жыл сайын жүзеге асыру туралы нормалары ұсынылған

"Екіншіден, балалардың қауіпсіздігі үшін терезелерді қауіпсіздік құлыптарымен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы норма ұсынылған. Жаңа ықшам аудандарында көп пәтерлі тұрғын-үй салу кезінде, құрылыс жобалау құжаттарында әлеуметтік маңызы бар білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің міндетті түрде болуын ескеру туралы нормалар енгізу көзделген. Бұл өз кезегінде үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, сапалы білім беруге және тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді", - деп жалғастырды Сенат депутаты.

Бұдан басқа арнайы білім беру ұйымдарындағы жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өз бетінше өмір сүруге дайындалуына жеке қолдау мен көмек көрсетуге бағытталған тәлімгерлік қызметін енгізу қаралып отыр. Аталған норманы қабылдау балаларды толыққанды әлеуметтендіруге, психологиялық қолдауға және әлеуметтік қорғауға ықпал етеді.

"Төртіншіден, оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға шек қоюды енгізу, тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар ұсынылған. Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардың қызметін лицензиялау тәртібіне өзгерістер енгізеді. Осы ұйымдарда медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламаларын іске асыруға қашықтықтан оқытуға жол бермеу", - деп атап өтті спикер.

Сенаторлардың сөзінше,  заң білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жою мақсатын көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу