ҚР Оқу-ағарту министрлігінің "Дарын" РҒПО ұйымдастырған бұл байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, дарынды жас зерттеушілерді анықтау және еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Конкурстың қорытынды кезеңіне 900-ге жуық оқушы қатысып, олардың ішінде 132-сі ауылдық елді мекендерден келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 112,9 пайызға өсіп отыр (2023 жылы – 62 оқушы).
Байқау жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша екі кезеңде өтті. Қазылар алқасының құрамында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-ғалымдары болды.
Жеңімпаздарды марапаттау барысында 263 оқушы жаратылыстану-математикалық бағытта, 148 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағытта І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болды. Сонымен қатар, үздік нәтиже көрсеткен 32 оқушыға еліміздің алдыңғы қатарлы университеттерінің ректор гранттары табыс етілді.
Жаратылыстану-математика бағытындағы ең үздік жобалар Қазақстанның атынан 10-16 мамыр аралығында АҚШ-тың Огайо штаты, Колумбус қаласында өтетін Regeneron ISEF-2024 Дүниежүзілік ғылым және техника көрмесіне қатысады.