Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жаһандық елшілер бағдарламасын іске асыру аясында, авиациялық мамандықтарды жастар арасында насихаттауға және саланың тұрақты кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған іс-шара ретінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті елорданың үздік оқушылары мен олимпиада жүлдегерлері үшін Астана әуежайына таныстыру сапарын ұйымдастырды. Аталған іс-шара ИКАО-ның Next Generation of Aviation Professionals (NGAP) бағдарламасын қоса алғанда, жас ұрпақты авиация саласына тартуға бағытталған халықаралық бастамалар аясында өткізілді.
Кездесуге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева қатысты, ол ағымдағы жылдың қаңтар айында ИКАО жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі болып тағайындалған. Сонымен қатар, "Қазаэронавигация" РМК бас директоры Фаат Богдашкин және "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы Бекен Сейдахметов өз тәжірибелерімен бөлісіп, авиациялық мамандықтар туралы ақпарат берді.
"Жастарды авиация саласына тарту – бұл саланың тұрақты болашағына инвестиция. Осындай тәжірибелік іс-шаралар арқылы біз балаларды тек мамандықтармен таныстырып қана қоймай, оларды жаһандық авиациялық қауымдастықтың бір бөлігі болуға ынталандырамыз. ИКАО-ның NGAP бағдарламасы мен жаһандық елшілер бастамасы жаңа буын мамандарын даярлауға берік негіз қалайды", – деп атап өтті Салтанат Томпиева.
Іс-шара барысында Air Astana компаниясының мамандары авиациялық тренажерлардың жұмысын көрсетіп, оқушыларға ұшудың шынайы жағдайларын сезінуге мүмкіндік берді, сондай-ақ штаттан тыс жағдайларда әрекет ету тәртібімен таныстырды.
Қатысушылар әуе кемесін аралап, ұшқыш кабинасының құрылымымен танысты.
Әуежай қызметкерлері өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің жұмысын көрсетті, сондай-ақ оқушылар кинологтардың қызметімен танысты.
"Барлығының қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көру өте қызықты болды. Ең қатты ұнағаны – тренажер, өзімді нағыз ұшқыш сияқты сезіндім! Осындай әсерлер сыныптастарымда да болды, кейбірі болашақ мамандығын авиациямен байланыстырғысы келді", – деді елордалық физика-техникалық лицейдің 9-сынып оқушысы Аружан Ахпанбетова.
Мұндай іс-шаралар мектеп оқушылары үшін авиация әлемін жаңаша қырынан ашып, олардың көкжиегін кеңейтеді және бұл саланың қаншалықты сан қырлы әрі перспективалы болатынын көрсетеді.