Оқушыларға қаржылық сауаттылық бағытындағы республикалық олимпиада басталды

82

Республикалық кезең екі турдан тұрады. 

Оқушыларға қаржылық сауаттылық бағытындағы республикалық олимпиада басталды Фото: gov.kz

2026 жылғы 2-6 мамыр аралығында Астана қаласындағы №56 мектеп базасында 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиаданың IV кезеңі ұйымдастырылады. Қорытынды кезеңге еліміздің барлық өңірінен іріктелген 144 оқушы қатысуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Олимпиаданың мақсаты – қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік бағытында терең білім, білік және дағдыға ие дарынды оқушыларды анықтау, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында қаржылық мәдениетті қалыптастыру және кеңінен насихаттау.

Іс-шара аясында қатысушылардың қаржылық шешім қабылдау кезінде сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, қауіпсіз қаржылық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және түрлі қаржылық ақпарат көздерімен жұмыс істеу машықтарын жетілдіруге басымдық беріледі. Сонымен қатар, оқушылар қаржы құралдарын тиімді пайдалану және қаржылық тәуекелдерден қорғану бойынша практикалық дағдыларын көрсетеді.

Республикалық кезең екі турдан тұрады. Бірінші тур жазбаша, екінші тур ауызша форматта өтеді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Айта кету керек, олимпиаданың бастапқы кезеңіне еліміздің әр өңірінен 46 мыңнан астам оқушы қатысқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу