Өзбекстанда Сырдария ауданындағы мектептердің бірінде оқушының ата-анасы сыныпқа басып кіріп, мұғалімді сабақ беріп жатқан жерінен соққыға жыққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kun.uz басылымына сілтеме жасап.
Жаға ұстатарлық жағдай Сырдария ауданындағы №1 мектепте болған. Видеодан оқушының анасы сабақ үстінде сыныпқа басып кіріп, мұғалімді балағаттап, оған қол көтергенін көруге болады. Кейін әйел адам көпшіліктен кешірім сұрады.
Сот әкімшілік іс негізінде қаралды. Сараптама қорытындысы бойынша азаматшаның жеңіл дәрежедегі ақыл-ойы кемістігі деген диагноз қойылған. Ол оқиғаның салдарын түсінбей әрекетке барғаны айтылған. Сот әйелді психиатриялық мекемеге мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады.
Өзбекстанның білім және ғылым министрі Хилола Умарова болған жағдайға қатысты пікір білдіріп, мұғалімдердің қадір-қасиетін қорғаудың маңызды екенін жеткізді.
"Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде мұғалімдерді қорлап, сабақтарын үзіп, білім беру процесіне араласып, тіпті физикалық күш қолданып жатқаны көрсетілген бейнежазбалар жиі кездеседі. Сырдариядағы болған оқиға – соның бір мысалы", - деді ол.