Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қыз алып қашатындар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда тәрбие мәселесі өзекті.
"Ол күлетін зат емес. Бәріміз қыз асырап отырмыз. Қыз алып қашу етек алып кеткен жағдай. ХХІ ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алу дұрыс емес. Ол тауар емес, зат емес, ол – адам. Мұндай жағдай оның тағдырына әсер етеді", – деді Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутат қоғамдағы ер-азаматтарды түсінбейтінін жеткізді.
"Қыз құлағымен, жігіт көзімен жақсы көреді" деген сөз бар. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт, ол қандай жігіт. Көшеге барып, қызды "бүктеп-бүктеп" салып алады. Біз дамыған, жетілген, мәдениетті қоғамда тұратын болсақ, мәдениетті болуымыз керек. Басқа ұлттың біреуі оны жасамайды. Еуропада, Ресей, тіпті қасымыздағы басқа көрші республикаларда қыз ұрлайтынын естідіңіздер ме?", – деп атап өтті мәжілісмен.
Халық қалаулысы үш қыз тәрбиелеп отырғанын тілге тиек етті. Ол қыз алып қашу қоғамдағы үлкен дерт екенін айтты.
"Бұл мәселеге қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек. Қарсы болып жүрген мемлекеттік органдарды түсінбеймін. Демек олар оны (ред. қыз алып қашуды) қолдап отыр. Қызды сыйлау, құрметтеуді балабақшадан бастап баланың миына құю керек. Себебі қыз – болашақ ана. Егер біз болашақ ананы қорғамасақ, онда мемлекеттік болашағы жоқ деген сөз. Ол күлетін, ойыншыққа айналдыратын дүние емес. Бұл – мемлекеттің қауіпсіздігі. (...) Қазақтың жігіттеріне ойланатын уақыт келді. Қыздарды қорғаңдар, оларды қорламаңдар. Сонда біз дұрыс мемлекет боламыз. Отбасында, білім ордасында осы мәселе бірінші кезекте тұруы керек. Тәрбие мәселесіне көңіл бөлмесек, бұдан да сорақысы болып жатыр. Қазір телеграмды ашып қалсаң, тіпті оқығың келмейді. "Қызды зорлап кетіпті", "Қызды ұрлап кетіпті", "баланы зорлап кетіпті", "ата-анасын балтамен шауып тастапты" – кілең осындай әңгіме. Әлеуметтік желіні ашу мүмкін емес", – деді Жаңбыршин.