"Ол жаққа кірмеуіміз керек еді": Ұлдана Мырзуанға көмектескен әріптесі сотта жауап берді

579

Кезекті сот отырысы өтті.    

"Ол жаққа кірмеуіміз керек еді": Ұлдана Мырзуанға көмектескен әріптесі сотта жауап берді Фото: azattyq-ruhy.kz/Жоғарғы сот

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты іс бойынша өткен сот отырысында фельдшер Ақтамақ Сыздықова жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Куәгер Ақтамақ Сыздықованың айтуынша, сол күні оқиға орнына бірінші болып екі медициналық бригада барған. Далада адам қарасы көп болған.

"Ділназдың "Ұлдана, Ұлдана!" деп айқайлап жатқанын естідім де, сол жаққа қарай жүгіріп бардым. Барсам, Ділназ оны көтеріп жатыр екен. Ұлдана етпетінен жатты. Мен Ділназға көмектестім. Ұлдананың құлағынан, мұрнынан қан ағып жатты. Оны көтере бастағанда, шашының арасынан қанды байқадым. Шашы түйіліп тұрғандықтан, дәл қай жерінен қан аққанын анық көре алмадым", – деді фельдшер.

Оның сөзінше, марқұм Ұлдана Мырзуанның үсті-басын түгел шаң басқан. Ақтамақ Сыздықова оның үстіне нақты не құлағанын көрмегенін айтты.

"Мен кондиционерді нақты көрген жоқпын", – деп жауап берді куәгер.

Фельдшер 2025 жылғы 8 қараша күні күндізгі ауысымда жұмыс істегенін жеткізді.

"Оқиға болған сәтте қауіпсіздік техникасы бойынша қандай нұсқаулықтар күшінде болды?", – деп сұрады сотталушының адвокаты.

"Біз қауіпсіздік техникасының нұсқаулығы бойынша ол жаққа кірмеуіміз керек еді. Алайда ол жерде адамдар болғандықтан және ТЖМ қызметкерлері әлі келмегендіктен, көмек көрсетуімізге тура келді. Біз ішкі нұсқаулық бойынша төтенше жағдай орнына кірмеуіміз керек", – деп жауап берді Ақтамақ Сыздықова.

"Ол жаққа кіру туралы шешімді кім қабылдады? Сіздердің бригада ма, әлде Мырзуанның бригадасы ма?", – деп нақтылады қорғаушы.

"Шынымды айтсам, ешкім арнайы шешкен жоқ, ол жақта абыр-сабыр болып жатты. Жағдай солай болып, біз бөлініп кеттік", – деді куәгер.

Фельдшер Ақтамақ Сыздықованың айтуынша, оқиға күні жұмыс басталмас бұрын қауіпсіздік техникасы жөнінде міндетті нұсқамадан өткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу