Олимпиада жүлдегерлері Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаев оқуға түсті. Оларға Қазақ спорт және туризм академиясында білім алуға мүмкіндік беретін гранттар табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Париж олимпиадасында ел қоржынына түскен 7 медальдің бесеуін академия түлектері иеленді. Бұл – білім ордасы үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Сондықтан Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, Ислам Сәтбаев сынды спортшылардың есімдері енді білім ордасының Олимпиада жүлдегерлері стенд тақтасына алтын әріппен жазылады", – делінген хабарламада.
Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов жиында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыстады.
"Практика жүзінде білген-түйгенімізді енді теориямен ұштастыруға, ғылыми тұрғыда ізденуге мүмкіндік берген, өзім оқыған академия басшылығына ризашылығымды білдіремін. Ал артымыздан ерген жас өрендерге сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарыңа жетуден ешқашан шаршамаңдар" – деді Демеу Жадыраев.