Ауыл жастары қит етсе, қуықтай мектепке барып амалдайды. Өйткені білім ұясы әрі мәдениет, әрі спорт клубымен тең. Ал тұрпаты тозған мектептің өзі жөндеу көрмегелі 20 жыл.
Егемендік алғалы Жақсылық ауылында мәдениет пен спорт нысаны атымен жоқ. Жұрт олимпиада чемпионы шыққан аты дардай ауылда аядай спорт мектебінің жоқтығына қайран. Дарындылар далақтап, ауыл мектебінің айналасынан шықпайды дейді.
Ауылдықтардың күні мектепке қарап тұр. Шынығып, шабыт аламын дегенге жалғыз білім ошағы пана. Сорақысы спорт залдағы көрініс сұрықсыз. Қабырғасы қақырап, едені ескірген. Жаттығуға қажетті жабдық жоқ. Қызығы ұядай 1 залда 5 спорт түрі бар. Ал мектеп сахнасы болса, ауылдағы мәдени-шара өтетін жалғыз орын.
"40 жылдан бері бізде мәдениет үйі жоқ. Өнерлі жастар бар. Өнер ошағы керек. Кешке олардың айналысатын ісі жоқ. Бәрі көшеде ән салып, айқайлап жүреді", дейді Жақсылық ауылының тұрғыны Баймұханбет Тұрғынбеков.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, ауылдан мәдениет клубын салу жоспарда жоқ. Алайда ескі амбулатория ғимаратын шағын өнер ошағына айналдырмақ. Ал көпшілік көп күткен спорт мектебін ашу, ауданды дамыту картасына енді ғана енген.
"Жақсылық елді мекенінде спорт кешенін салу 2027 жылға жоспарланып отыр. Аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімінің тарапынан мектеп ішінде 5 спорт түрінен үйірмелік кесте әзірленген. Үйірмелер сабақтан тыс уақытта жүргізіледі, әрі тұрғындар үшін тегін", делінген Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінде.
Айтпақшы, мектептің өңі қашқан залында жүріп-ақ былтыр ауылдағы 15 өрен түрлі спорт додасында топ жарған.