Өскемен қаласындағы "Май" зауытында болған жарылыстың себебін анықтау үшін құрылған комиссия тексерісті аяқтап, нәтижелерін ішкі істер органдарына жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске салайық, 21 желтоқсан күні Өскемендегі "Май" АҚ зауытында жарылыс болып, екі жұмысшыны күйік шалған болатын. Оның біреуі араға алты күн салып көз жұмды. Осы оқиғаға байланысты облыстық еңбек инспекциясы комиссия тағайындап, апаттың себебін анықтауға кіріскен болатын. Бүгін комиссия өз жұмысына нүкте қойып, нәтижелерін қалалық Ішкі істер басармасына тапсырды.
"Жарылысқа жылу құрылғысы себепші болған. Сондықтан комиссия ішінен комиссия құрдық. Оған энергетика мамандарын да тарттық, бу коллекторының металл құрамы да сараптамадан өтті. Қондырғының астыңғы және үстіңгі бөліктері екі түрлі болаттан дәнекерленгені анықталды. Бұдан басқа да бірнеше қайшылықтар бар. Бір сөзбен айтқанда, бу коллекторы талапқа сай орнатылмаған" - деп мәлім етті комиссия мүшесі Медет Мұса.
Инспекция өкілінің айтуынша, зардап шеккен жұмысшылар бу коллекторына берілетін судың мөлшерін қадағаламаған. Су қажетті мөлшерден тыс беріліп, артық қысым бу коллекторын атып жіберген. Аға машинист Алексей Столяров құбырдан шыққан будың ортасында қалып, денесінің 70 пайызын күйік шалған. Ал қазандық шебері Борис Катаевтың бет-аузы мен аяқ-қолдары күйген.
Алексей Столяровтың қазасына 70 пайыз - жұмыс беруші, 30 пайыз өзі кінәлі деген шешім шықты.
"Ішкі комиссия мүшелері бу коллекторы ақаусыз болған күннің өзінде артық берілген судың қысымына шыдамас еді деген тұжырымға келді. Аға машинист су мен будың деңгейін көрсетіп тұратын құрылғыларға да назар аудармаған. Сондықтан қайғылы оқиғаға салғырттық та себеп болып отыр", - дейді Медет Мұса.
Ал Борис Катаевтың өз кінәсі - 20 пайыз. Комиссия оның учаске шебері бола тұра, жұмысты қажетті деңгейде ұйымдастырмағанын ескеріпті. Қайғылы оқиға "өндіріспен байланысты апат" деп бағаланды. Оған "өндіріс жұмыстарының дұрыс ұймдастырылмауы, жұмысшылардың қамсыздығы, қондырғыдағы ақау, қауіпсіздік ережелерін қажетті деңгейде оқытпау" сияқты бірнеше қателік себеп болған. Өскемен қаласының Ішкі істер басқармасы осы шешім негізінде қылмыстық іс қозғайтын болады.