Олимпиада медаліне үміткер спортшылардың ай сайынғы төлемдерді анықтау критерийлері енгізілмек

464

Құжаттың жаңа редакциясында сомасы мен төлеу мерзімі өзгерген жоқ.

Олимпиада медаліне үміткер спортшылардың ай сайынғы төлемдерді анықтау критерийлері енгізілмек Фото: gov.kz

Мәдениет және спорт министрлігі "Жоғары санатты спортшылар, жаттықтырушылар және жоғары санатты спортшыларды даярлайтын дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандармен спорттық қызмет туралы шарт бойынша ақша төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы" бұйрыққа өзгертулер әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұйрық жобасына сәйкес, қолданыстағы құжатқа спортшылар және жаттықтырушылармен жасалған шарт бойынша  ай сайынғы төлемнің ең төменгі және ең жоғары мөлшерін анықтау критерийлері бар тармақты қосу ұсынылады.

Атап айтқанда, Олимпиада, Паралимпиада немесе Сурдлимпиаданың медаліне үміткер спортшыларға ай сайынғы төлем мөлшері спортшының ағымдағы олимпиадалық циклде Әлем немесе Азия чемпионатының/кубогының жеңімпазы немесе жүлдегері болуына байланысты белгіленеді.

Ал, жаттықтырушылар мен бас жаттықтырушылар олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиадада, сондай-ақ олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлерінен ересектер арасындағы әлемдік және құрлықтық біріншіліктерде медаль жеңіп алу бойынша міндеттемені алуы тиіс.

Бұл жаттықтырушы-кеңесшілерге де қатысты, бірақ тек Олимпиада жүлдесіне үміткер спортшыларды даярлауға қатысатындарға ғана қатысты.

"Құжаттың жаңа редакциясында сомасы мен төлеу мерзімі өзгерген жоқ. Мысалы, Олимпиада медаліне үміткер спортшы ай сайын шартта белгіленген соманың 50%–ын (700-ден 7500 АҚШ долларына дейін) алады, қалған бөлігі медаль жеңіп алу бойынша міндеттеме орындалған жағдайда ғана төленеді", - деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу