Спортшыларға берілген үй мұрагерлеріне қалады

1249

Заң жобасында спортшыларды жазалау ғана емес, ынталандыру да көзделген.

Спортшыларға берілген үй мұрагерлеріне қалады Фото: parlam.kz

Сенатта "Кейбір заңнамалық актілерге дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. 

Сенаторлар тыйым салынған барлық препараттар мен субстанцияларды қолданатындар мен тағайындайтындар және тарататындар жауапкершілікке тартылуға тиіс деп кесімді пікір білдірді. 

"Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар, оның ішінде спортшыға допингті тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу қажеттілігі туындады. Сәйкесінше 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түрінде жаза көзделді", – деді мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов.

Вице-министрдің сөзінше, заң жобасында допинг қолданған спортшыларды  спорттан шеттету, біліктілік  ұпайларынан айыру, материалдық сыйақыны мемлекетке қайтартқызу, спортшы мен жаттықтырушыға ай сайын төленетін төлемді тоқтату, спорттық атағынан айыру, олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін мемлекеттен алған пәтерлерін босатуды талап ету, спортшы мен жаттықтырушыны құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан шығару түріндегі жаза қарастырылған. 

Белгілі болғандай, заң жобасы спортшыларды жазалауды ғана емес, ынталандыруды да мақсат тұтады екен. Мысалы, олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегеріне тұрғын үй 10 жыл мерзімге жалға беріледі. Осы кезеңде спортшы допинг дауына ұшырамаса үй спортшының жекеменшігіне өтеді. 

Олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қайтыс болған жағдайда, допингтік сынамының нәтижесіне қарамастан, үй мұрагерлеріне басыбайлы беріледі.

Заң жобасында паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне пәтерді төменгі қабаттан немесе жеделсатысы бар тұрғын үйлерден ұсыну, ал тірек-қимыл аппараты бұзылған паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері екінші қабаттан жоғары емес тұрғын үй беру құқығы қарастырылып жатыр. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу