Олимпиадада бокстан неге алтын жүлдесіз қалғанымызға талдау жасадық – министр

291

Құзырлы орган бұл мәселеге талдау жүргізген. 

Олимпиадада бокстан неге алтын жүлдесіз қалғанымызға талдау жасадық – министр Фото: КазТАГ

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бокс саласында қандай өзгерістер күтілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өкінішке қарай, соңғы екі олимпиадада бокстан алтын медаль жоқ. Біз неге алтын медальсіз қалғанымызға толық талдау жасадық. Ол үшін арнайы топ құрылды. Әр өңірге мониторинг жасап жатырмыз. Қазір Лос-Анжелеске баратын спортшыларды, атап айтқанда, өңірлерде олимпиадианың 15 спорт түрі бойынша қанша спортшы қыз-жігіттеріміз бар екенін саралаған кезде, 20 өңірдің сегізінде ғана даму бар екені байқалды. Қалған 12 өңірде бірде-бір жас ерекшелігі бойынша Қазақстан чемпионатында жүлдегер жоқ", – деді ведомство басшысы Мәжіліс кулуарында.

Туризм және спорт министрі бокстан жақсы нәтиже көрсету үшін кадрларды тағайындауда арнайы талаптар ескерілу керегін айтты.

"Егер бокстан нәтиже көрсеткіміз келсе, басқарма басшыларынан бастап өңірлердегі балалар жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв басшылары, жоғары спорт мектеп басшыларын – бәрін арнайы критерийлермен тағайындауымыз керек. Өңірлерде басшыларды тексерген кезде талапқа сай емес адамдар тағайындалғаны анықталды. Бірізділік болғаны жөн", – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Ведомство басшысы әр өңірдің географиялық орналасуына, инфрақұрылымына қарай спорт түрлері бекітілетінін жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу