"Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылар коронавирус жұқтырған жоқ"

1122

Дүбірлі додада 34 қазақстандық спортшы бақ сынайды.

"Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылар коронавирус жұқтырған жоқ"

Бейжің Олимпиадасына қатысатын спортшылар COVID-19 вирусының бар-жоғына ПТР-тест тапсырды. Оның нәтижесі теріс болды. Бұл туралы МСМ Спорт және дене шынықтыру комитеті қысқы спорт түрлері басқармасының басшысы Айжан Есентаева Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 27 қаңтарда Қазақстанның спорт делегациясы Нұр-Сұлтан - Алматы - Бейжің чартерлік рейсі арқылы Қытай астанасына аман-есен жеткен. Олар Бейжің, Яньцин, Чжанцзякоу қалаларындағы Олимпиада ауылдарында орналастырылған.

Айжан Есентаева COVID-19 вирусы спортшылардың жоспарына өзгеріс енгізгенін атап өтті.

"Коронавирус пандемиясы әлемге кесірін тигізді. Осыған қарамастан қиындықтарды еңсеріп, жаңа талаптарға бейімделуге тура келді. Жалпы қазақстандық спортшылардың дайындығына түзетулер енгізілді. Олар жеке жоспарларын құрып, соған сәйкес дайындалды. Спортшылар шетелге бармаған кезде Қазақстанда оқу-жаттығу жиынын өткізді, алайда лицензиялық жарыстардан ешкім қалған жоқ. Барлығы жоспар бойынша жүргізілді", – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол спортшылар карантин талабын сақтап, Нұр-Сұлтан және Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізгенін айтты.

"Бұл өте жақсы. Себебі олар тек жаттығады, басқа ештеңеге алаңдамайды", – деді Айжан Есентаева.

Басқарма басшысы Халықаралық Олимпиада комитеті, Ұйымдастырушылық комитетінің талабына сәйкес Бейжіңдегі дүбірлі доданың алында 2 апталық карантин болатынын айтты.

Журналист Айжан Есентаеваға "Бейжіңде спортшылар коронавирустың бар-жоғына ПТР-тест тапсырған кезде оның нәтижесі теріс болды ма?" деп сұрақ қойды.

Ол бүгінде спортшылардан ешкім COVID-19 вирусын жұқтырмағанын атап өтті.

"Иә, шүкір. Қазіргі таңда барлығы жақсы. Негізі Бейжің Олимпиадасының талабы Токио Олимпиадасымен салыстырғанда қатал. Қазақстандық спортшылар мен барлық спорт делегациясы күнде ПТР-тест тапсырып жатыр. Бейжіңдегі Олимпиада жабық спорт кешендерінде өтеді. Спортшылар қалаға мүлдем шықпайды. Жаттығу жиыны, тамақтанатын және жатын орны да бір жерде болады", – деп түйіндеді сөзін басқарма басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Мәдениет және спорт министрлігі Бейжің Олимпиадасына қатысатын барлық спортшы вакцина алғанын хабарлаған.

Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпанда басталады. Дүбірлі додаға 95 елден 4 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Онда 15 спорт түрінен 109 медаль сарапқа салынады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу