Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті олимпиадалық спорт түрлерінен барлық ұлттық құрама командаларға халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары кезінде кешенді медициналық қызмет көрсету жобасын іске асыруды бастады, деп хабарлайды abctv.kz.
Біздің елдегі жобаның басты артықшылығы - оқу жаттығу жиындары мен жарыс кезінде медициналық қосынның бірге жүруі және спортшылар мен бапкерлерді дайындау кезінде ғылыми-сараптамалық тәсілдерге сүйену. Жоба ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Медициналық көмек көрсету қызметіне бірнеше маманнан тұратын ғылыми топ енген. Олар: спорттық дәрігер, қолмен емдейтін терапевт, диетолог, психолог, биохимик, биомеханик және массажжасаушы. Топты жинау барысында ұлттық құрамалардың басты қажеттіліктері ескеріледі.
"Бұл ұлттық спорт федерациялары көтерген маңызды мәселелердің бірі болатын. Сол себепті, Қазақстан ҰОК командаларды кешенді-ғылыми топтармен жабдықтау туралы жобаны енгізу үшін жыл басынан бері дайындалды. Біз үшін ең маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе – ұлттық құрама командалардың жағдайын жақсарту. Ал біздің заманымызда медициналық және ғылыми қолдаусыз спортта жақсы нәтиже көрсету қиын. Әлемдегі үздік тәжірибелер мен озық үлгілерді жүйеге келтіріп, қазақстандық атлеттердің дайындалу процесіне енгізу – ҰОК-нің басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ, біз допингке қарсы ереженің маңыздылығын да ұмытқан емеспіз. Біздің бұл мәселедегі позициямыз еш өзгермейді – біз спортта тыйым салынған дәрі-дәрмекті қолдануға қарсымыз. Сол себепті, командалармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу кешенді-ғылыми топтың негізгі жұмыстарының бірі болмақ. Азия ойындары мен Жасөспірімдер Олимпиадасына дейін командалар кешенді-ғылыми топтармен толығымен жасақталады", - дейді Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев.