Олжас Бектенов: Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді

420

Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. 

Олжас Бектенов: Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елордаға жақын елдімекендердегі негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қалаға жақын маңдағы елдімекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі – агломерацияның негізгі мәселелері. Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда, мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді", - деді Олжас Бектенов.

Айтуынша, қала маңындағы ауылдардың сумен қамтамасыз ету, су бұру, электрмен жабдықтау, жолдардың жай-күйі сияқты мәселелері баршылық.

"Кешенді жоспарды іске асыру кезінде көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құру үшін инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек. Агломерацияның негізгі мақсаты да осы болуға тиіс. Сондай-ақ, 45 ауылдық елді-мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады",- деп жалғастырды ол.

Үкімет басшысы елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру мәселесі толығымен шешілмегенін де жеткізді. Айтуынша, мұны жоғарыда атаған елдімекендерде жасауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу