Степногорск қаласындағы Viamedis емханасында отандық денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолданудың тиімділігі бағаланды. Сондай-ақ Мәншүк Мәметова ауылындағы "Әдемау" мемлекеттік бөбекжай-бақшасында болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысына Viamedis емханасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынғаны туралы баяндалды. Бүгінгі таңда жобалық қуаты бір ауысымда 1020 адам болатын медициналық мекеме Степногорск пен жақын маңдағы елді мекендердің 64 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетеді. Мекеме құрамында күндізгі стационар, мамандандырылған хирургиялық және терапевтік көмек бөлімшесі, Фтизиатрия орталығы және клиникалық-диагностикалық зертхана бар. Сонымен қатар компания Қосшы қаласында көпсалалы өңірлік аурухананың құрылысын бастады.
Премьер-Министр медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттырудың және инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызын атап өтті.
"Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында айтқандай, отандық денсаулық сақтауды дамыту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы ресурстарды белсенді түрде тарту қажет. Жалпы МЖӘ жобаларын іске асыру бизнестің денсаулық сақтау саласын дамытуға және қолдауға қатысуы біз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан МЖӘ моделін белсенді қолдану үшін өзекті мәселелерді жедел талдап, шешуіміз керек", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-Министр Мәншүк Мәметова ауылында ашылған, бүгінде мектепке дейінгі тәрбие мәселесін шешуге мүмкіндік беріп отырған "Әдемау" бөбекжай-бақшасында болды. Ауданы 600 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратта сәбилерге жайлы жағдай жасалған, қазіргі уақытта бөбекжайға 40 бала барады. Мектепке дейінгі мекеменің жобалық қуаты 2 есе көп – 80 адамға дейін қабылдай алады.
Президент Жолдауында айтылған мақсаттарға сәйкес Үкімет мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін өзгерту бойынша жұмыс жүргізуде. Әрбір отбасының нақты табысын ескере отырып, жаңа тәсілдің сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет.