Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында Президенттің білім беру саласындағы тапсырмаларының орындалуын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында оқушылар мен студенттердің білім алуына жағдай жасау жұмыстарының барысымен танысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешу бойынша алға қойған міндеттерін орындау аясында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы іске асырылуда. Білікті кадрлар даярлау үшін жоғары оқу орындары жаңғыртылуда.
Олжас Бектенов "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған №97 мектеп-гимназиясында болды. Ғимарат бұрынғы апатты жағдайдағы мектептің орнына тұрғызылған.
Ұлттық жоба аясында салынған алғашқы мектеп жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілмек. Бүгінде нысан 95%-ға дайын, онда әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектепте 945 оқушы білім алатын болады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта құрылды.
Барлық оқушының өзіндік қажеттіліктерін ескере отырып, заманауи технологиялар енгізу арқылы білім сапасы артады, шығармашылық әлеуетті дамыту мақсатында материалдық-техникалық база жақсартылады.
Елімізде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қосымша 700 мыңнан астам оқушы орны қолжетімді болады.
Үкімет басшысына мектеп ғимаратының құрылысы мерзімінен бұрын жүзеге асырылғаны туралы баяндалды. Ол үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының екі ауысымдық кестесі ұйымдастырылды. Барлық кезеңде орта есеппен 250 адам тұрақты түрде жұмыс істеді. Бүгінде негізгі жұмыстар аяқталып, технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жүріп жатыр.Олжас Бектенов құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаудың маңызды екенін баса айтты.
Алматы мектептерінің шамадан тыс толуы – аса өткір мәселе, сондықтан құрылысты мерзімінен бұрын аяқтау қажет. Бұл ретте алдымен сапаға басымдық берілуі керек. Балаларға арналған инфрақұрылым қауіпсіздіктің барлық талаптарына сай болуы керек, технологиялық жарақтандырылып, балаларымыздың қолайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік беруі тиіс, - деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы Халықаралық білім беру корпорациясын аралау барысында нақты кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату мәселесіне баса назар аударды. Жас ғылыми топтармен өзара іс-қимыл шаралары және олардың еңбектерінің нәтижелерін қала мен ел үшін маңызды салаларда қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Бірыңғай оқу-ғылыми-өндірістік кешен – Халықаралық білім беру корпорациясының (ХБК) бағдарламалары бойынша бүгінде 14 мыңнан астам азамат білім алуда. Корпорация құрамына ҚазБСҚА және ҚАУ жоғары оқу орындары, ҚазБСҚА колледжі мен Almaty Digital College, сондай-ақ ҚазБСҚА және ҚАУ мектептері кіреді.
Корпорация оқу орталықтарын ашу, оқу аудиторияларын жабдықтау және брендтеу жөніндегі жобаларға белсенді қатысатын 250-ден астам отандық және халықаралық жұмыс беруші компаниялармен ынтымақтастық жүргізеді. Бұл түлектерге жұмысқа орналасу кезінде кәсіпорын талап ететін дағдыларға ие болуына мүмкіндік береді.
Мұнда бас оқу корпусын толық реконструкциялау нәтижелері де қаралды. Премьер-Министрге 480 орынға арналған жаңа заманауи ҚазБСҚА мектебінің іске қосылуы, сондай-ақ 2025 жылы пайдалануға берілетін, 345 төсек-орынға арналған жатақхана құрылысының жоспары (2025 жылдың соңына дейін барлығы 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек-орын пайдалануға беру жоспарланған) туралы баяндалды.
Сонымен қатар сейсмикалық жағдайлар, қала зерттеулері мен дизайн зертханалары тексерілді. Үкімет басшысы бизнестің нақты міндеттерін шешуге бағытталған және коммерцияландыру әлеуеті бар қолданбалы жобаларды қолдауға және қаржыландыруға баса көңіл бөле отырып, Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның жұмысын қайта форматтау қажеттігіне назар аударды.
Зерттеулер және әзірлемелерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 2024-2026 жылдарға арналған 181 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Алдағы 2 жылда жас ғалымдарға арналған гранттарға республикалық бюджеттен 18 млрд теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кадрлар даярлау бағдарламаларын жетілдіру бойынша тапсырмалар берілді.