Премьер-министр Балқаш қаласындағы қала құраушы кәсіпорындардың жұмысы, тау-кен металлургиясы және мыс балқыту кешендерін жаңғырту барысы, жаңа өнеркәсіп нысандарын іске қосу жоспарымен және геологиялық барлау жобаларының нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қарағанды облысы өнеркәсіптік дамудың оң үрдісін сақтап отыр, бұл ретте өңдеуші секторға басымдық берілуде. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға артты. Облыс өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша Қазақстанда екінші орында тұр.
Қаратас мыс кен орнында Премьер-министрге "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ-ның геологиялық барлау жұмыстарының барысы және жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологиялар таныстырылды.
Орталық Қазақстандағы Қаратас мыс кенді учаскесінде Премьер-министрге "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ геологиялық барлау жұмыстарының барысы мен жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологияларды таныстырды.
"Қазгеология" АҚ еліміздің жеті облысында жалпы аумағы 55 мың шаршы шақырым болатын учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның аясында бұрғылау, жерүсті және аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізілуде. 1:50 000 масштабында жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын 20 негізгі учаскеде жоғары дәлдіктегі зерттеу жұмыстары басталды.
Үкімет отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру тәсілі айқындалды. Қазіргі таңда "Тау-Кен Самұрық" лицензиялар алып, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді, расталған қорларды мемлекеттік балансқа қояды. Жоба белгілі бір дайындық деңгейіне жеткен кезде шетелдік инвесторлар тартады. Мұндай тәсіл жобалардың құнын арттыруға және мемлекет үшін неғұрлым тиімді шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
"Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, өткен жылы компания үш лицензия алып, алтын, мыс және жерде сирек кездесетін металдар кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын бастаған.
Қазірдің өзінде 8 тоннадан астам алтын және 150 мың тонна мыс қоры расталды. Атап айтқанда, "Қаратас" жобасы бойынша мыстың орташа мөлшері 0,35%-дан 0,46%-ға дейін өсті. Қазіргі уақытта технологиялық сынама алу жүргізілуде, одан кейін гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ еңбек өнімділігін арттырып, құжат жұмыстары мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін жасанды интеллектіні қолдану арқылы геологиялық керндерді талдаудың алғашқы нәтижелері таныстырылды. Қазіргі уақытта жүйе Жосабай кен орнында жұмыс істеуге бейімделген. Дәлдік 80%-ды құрайды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр геологиялық саланы қолдау шараларының айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті: тек мемлекеттік қаржыландыру көлемінің өзі 10 есеге ұлғайып, алдағы үш жылда шамамен $500 млн-ды құрайтын болады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға аса маңызды минералдардың қорларын ұлғайту бойынша әлеуеті жоғары учаскелерге ерекше көңіл бөлу, геологиялық деректерді цифрландыру, инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты жандандыру және жер, инфрақұрылым мен басқа да ұйымдастыру мәселелерін жедел шешуді қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-министр "Тау-Кен Самұрық" компаниясына "Қаратас", "Жосабай" жобаларының және басқа да келешегі зор учаскелердің оң тәжірибесін кеңейтуді, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарынан қорларды мемлекеттік балансқа қоюды және одан әрі өнеркәсіптік игеруге уақтылы көшуді қамтамасыз етуді тапсырды.