Олжас Бектенов ел экономикасын дамытуда батыл қадамдар жасайтынын айтты

945

Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі. 

Олжас Бектенов ел экономикасын дамытуда батыл қадамдар жасайтынын айтты Фото: akorda.kz

Жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов отандық өнімді қолдауға ерекше назар аударатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Үкімет басшысы Президенттің жүктеген жоғары сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді.

"Менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды", — деді О. Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі.

"Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, мащина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытамыз. Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу аясында Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, ондықтық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат — басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнімделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру — Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллектің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту, аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді", — деді Үкімет басшысы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу