Олжас Бектенов халықаралық компанияларды Қазақстанда зерттеу хабтарын ашуға шақырды

155

Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Олжас Бектенов халықаралық компанияларды Қазақстанда зерттеу хабтарын ашуға шақырды Фото: Үкімет

Бүгінде Қазақстанда әлемдік TOP-500 рейтингіне кіретін өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластері – Alem.Cloud және Al-Farabium іске қосылған. NVIDIA компаниясымен серіктестікте тәуелсіз есептеу хабы құрылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Павлодар облысында қуаты 1 ГВт-қа дейінгі "ДӨО алқабы" жобасы жүзеге асырылуда, онда деректерді сақтаудан бастап есептеу қуаттарына дейін толық циклді инфрақұрылым қалыптасады.

Қазақстан объективті бәсекелік артықшылықтарға ие: қолжетімді электр энергиясы мен төмен сигнал кідірісі елімізді жоғары өнімді есептеу жүйелерін орналастыру үшін ең тартымды орындардың біріне айналдырады.

Жеке бағыт ретінде Data Embassy форматын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Бұл – мемлекеттерге өз деректерін Қазақстан аумағында орналастырып, сонымен бірге оларға толық құқықтық егемендігін сақтауға мүмкіндік беретін сенімнің жаңа моделі.

Келесі қадам – экономиканың негізгі салаларында ЖИ-датасеттерді қалыптастыру және салалық тілдік модельдерді дамыту. Осы мақсатта мемлекет өнеркәсіптік заттар интернетін және нақты уақыттағы деректерді жинау жүйелерін дамытатын компанияларды қолдау шараларын іске қосады.

"Біздің міндетіміз – бизнеске оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін құралдар ұсыну. Бұл экожүйенің маңызды элементі – Астанадағы Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы. Ол зерттеу зертханаларын, акселераторларды және білім беру бағдарламаларын біріктіріп, технологиялық компаниялар мен индустриялық серіктестер үшін тартылыс нүктесін қалыптастырады. Біз халықаралық компанияларды мұнда өз зерттеу хабтарын ашуға шақырамыз. Қазақстан таланттарға, деректерге және индустриялық кейстерге қолжетімділікті ұсынады", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Президенттің адами капиталды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.

AI-Sana бағдарламасы аясында қазірдің өзінде шамамен бір миллион азамат жасанды интеллект дағдыларына оқытылды. TUMO мектеп орталықтарынан бастап технологиялық кәсіпкерлерді даярлауға дейін толыққанды білім беру экожүйесі қалыптасуда. Google for Startups қоса алғанда, халықаралық серіктестермен бірлесіп акселерациялық бағдарламалар дамытылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Қазақстанда жаңа буын мамандарын даярлайтын және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытатын ЖИ-университет құрылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу