Олжас Бектенов азаматтар мен бизнеске онлайн мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекет пен банктердің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Үкімет отырысында мемлекет пен банк секторының өзара іс-қимылы туралы банк басшылары – Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе және Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов сөз сөйледі.
Олар мемлекеттік қызметтерді интеграциялау үшін цифрлық шешімдерді пайдалану туралы айтып, мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін азаматтар мен бизнеске ыңғайлы ететін негізгі жобаларын ұсынды.
Премьер-министр Олжас Бектенов цифрландыру және онлайн қызметтерді дамыту саласындағы банк секторының жетістіктерін атап өтті.
"Цифрландыру, онлайн қызмет ұсыну бағытында жетістіктеріңіз көңіл қуантарлық. Біз, әрине, мемлекет тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін одан әрі цифрландыру ісін қолдаймыз. Қазір салық төлеу бойынша жақсы нәтижелерді көріп отырмыз. Бұл бизнесті "көлеңкеден" шығару үшін бізге де аса қажет. Сондықтан бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету бойынша цифрлық шешімдерді одан әрі дамыту және енгізу бағытында мемлекет банк секторына қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.