Олжас Бектенов отандық өндірушілерді қолдау бөлігінде "Бәйтеректің" саясатын қайта қарауды тапсырды

334

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Олжас Бектенов отандық өндірушілерді қолдау бөлігінде "Бәйтеректің" саясатын қайта қарауды тапсырды Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Директорлар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отырыста 2023 жылға арналған Инвестициялық саясат талаптарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынылды. Холдингтің еншілес ұйымдары экономиканың шикізаттық емес салаларының кәсіпорындарына жалпы сомасы 2,8 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 45%-ға артық. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын 71 мыңнан астам компания мен ұйымға 2,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. 2023 жылы АӨК саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 665,2 млрд теңгені құрады. Холдингтің қолдау шараларының арқасында 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3,8 трлн теңгенің өнімі шығарылды және қызметтер көрсетілді.

Есептерді тыңдаған Үкімет басшысы "Бәйтерек" сатыпалым ережелерін отандық тауарлардың үлесін түбегейлі арттыру жағына қарай қысқа мерзімде қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар елішілік құндылықты үнемі арттырып отыруы керек.

"Біз “Бәйтерек” холдингі және басқа да даму институттары арқылы экономиканың белгілі бір кәсіпорындары мен салаларын қолдауға қомақты қаражат бөліп отырмыз. Сондықтан барлық іс-шара елішілік құндылықтың артуына ықпал етуі керек. Егер біз кәсіпкерге қолдау көрсетер болсақ, ол Қазақстанда қазір импорттап отырған тауарлардың өндірісін жолға қою, жұмыскерлердің еңбек өнімділігі мен жалақы деңгейін арттыру, қосалқы мердігерлер немесе жеткізушілер ретінде отандық кәсіпорындарды тарту сияқты қарсы міндеттемелерді де өзіне алуы тиіс", — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр қазіргі уақытта Үкімет елішілік құндылықты арттыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі шаралар кешенін дайындап жатқанын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу