Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында "TAKURRA" ЖШС медициналық техника және медициналық бұйымдар өндіретін отандық зауыттың әлеуетімен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Отандық компания – ТМД аумағында жоғары дәлдіктегі автоматты ИХЛ (иммунохемилюминесцентті) анализаторларының жалғыз өндірушісі. Қанды зерттеуге арналған құралдың көмегімен 14 минут ішінде бірден 20 көрсеткіш бойынша нәтиже алуға және 150-ден астам ауруды ерте кезеңінде анықтауға болады. Зауыттың өндірістік қуаты – 360 анализатор мен 1,5 млн реагент жиынтығын құрайды.
Премьер-Министрге "TAKURRA" ЖШС бас директоры Андрей Кайзер компанияның мемлекеттік ауруханалардағы шетелдік анализаторларды отандық анализаторлармен ауыстыруға дайын екені туралы хабарлады.
"Мемлекет басшысы сатып алудағы қазақстандық қамтуды және отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар үлесін арттыру міндетін қойды. Біз импортты алмастыруға ұмтыламыз. Денсаулық сақтау министрлігіне отандық анализаторлар үлесін біртіндеп арттыру бойынша талдау жүргізіп, мәселені зерделеуді тапсырамын", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысына қазіргі модульдік автоматтандырылған ПТР-сынақ жүйесін іске қосу және отандық өндірістегі медициналық бұйымдарды шығару жоспарлары туралы да баяндалды.