Премьер-Министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өсімнің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі, деп жазды inbusiness.kz.
Үкімет басшысы өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындарының, атап айтқанда химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен саласы компанияларының қызметімен танысты. Сондай-ақ аумағында жаңа ірі өндірістердің құрылысы жүргізіліп жатқан Jibek Joly арнайы экономикалық аймағына барды.
Қазіргі сәтте Жамбыл облысының өнеркәсібінде 44 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, өңірде 859 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, деп баяндады Үкімет басшысына әкімнің орынбасары Әбілхайыр Тамабек. Бұл ретте облыста химия саласын дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Jibek Joly арнайы экономикалық аймағының құрылуы бүгінгі таңда өңірдің бар әлеуетін тиімдірек іске асыруға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі уақытта АЭА жүктемесі 86,7%-ға тең, 16 қатысушы компания тіркелген, оның 4-і жұмыс істеп тұрған кәсіпорын, 3-і құрылыс және орналастыру сатысында, қалғаны мемлекеттік сараптамадан өтуде немесе жобалау жүргізіліп жатыр. Мәселен, арнайы экономикалық аймақ аумағында қытайдың TAS Market және өзбектің Universal Trade LLP компаниялары өндірістерін локализациялауды жоспарлап отыр.
ҚХР жобасы бастапқы кезеңде құны 12,9 млрд теңге болатын шойын, болат және ферроқорытпа өндіретін зауыт салуды, Өзбекстан тарапы – жалпы инвестиция көлемі$120 млн болатын қара металды балқыту және жұқа табақты мырышталған болат өндіретін кәсіпорын салуды көздейді. Алайда, бұл жобалар АЭА қызметінің басым түрлеріне жатпайды және тиісті жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Премьер-Министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне барлық өңдеуші өнеркәсіпті қамти отырып, басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесін жедел пысықтауды тапсырды.
Бүгінде Жамбыл облысының локомотиві – химия саласы, оның үлесі 37%-ды құрайды. Өңірдегі қала құраушы кәсіпорындардың бірі — "Қазфосфат" минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыты, онда 1,8 мыңғажуық адам еңбек етеді. Жылдық қуаты1 млн тоннатыңайтқышқа жетеді. Қазіргі уақытта табиғи газды пайдалануды шектеу себебінен өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Кәсіпорынның толық қуатында тиімді жұмыс істеуі үшін81 176 мың мᶟ қажет. Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласын тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Үкімет басшысы Жамбыл облысының әкімдігіне және зауыт басшылығына мәселені шешу үшін Тараз қаласының 2-ші Газ тарату стансасын жаңғырту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен қатар фосфорлы гипс қалдықтарын орналастыру және ластануды болдырмау үшін ауданы 51,3 гажаңа үйінді құрылысын тезірек аяқтау міндеті қойылды.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов Шу ауданының Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі жаңа байыту фабрикасына барды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 95%-ға аяқталған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тоннакенді құрайды. Іске қосу тамыз айына жоспарланған, бұл ретте кәсіпорын алдағы қазан айында өзінің есептік көрсеткішіне шықпақ. Премьер-Министр Олжас Бектенов өңір өнеркәсібіндегі үлесі 10%-дықұрайтын металлургия саласының келешегін атап өтіп, Үкімет осындай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
"Үкіметтің алдына қойылған міндеттің бірі — тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Биыл сын-тегеуріндерді ескере отырып, біз барлық салаға мультипликативті әсер ететін өнеркәсіптік өндірісті күшейтілген режимде дамытуымыз қажет. Жобаларды іске қосу және толық қуатта жұмыс істеу кезінде біз экономиканың дербестігін арттырамыз және жоғары білікті жұмыс орындарын ашамыз. Еліміздің барлық өңірінде оң өзгерістер бар: оларды қолдап, кеңейте беру қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына, оның ішінде кәсіпорындардың толық жүктемесін қамтамасыз етуге назар аударылуда. Еліміздегі аяқ киім шығаратын негізгі зауыттардың бірі Жамбыл облысында орналасқан. Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, отандық өндірушілерді, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпті қолдау шараларын күшейтуді тапсырды.