Олжас Бектенов: Жекешелендіруге енгізілген активтердің жартысы 2026 жылы сатылуы тиіс

155

Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді. 

Олжас Бектенов: Жекешелендіруге енгізілген активтердің жартысы 2026 жылы сатылуы тиіс Фото: Үкімет

Биыл Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Кәсіпкерлік бастаманы кеңейту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шарттарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш Жалпы ішкі өнімге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр. Биыл Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталады. Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді",  – деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, онда отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компаниялар қамтылған.

Олжас Бектенов әкімдіктерге, мемлекеттік органдар мен компанияларға жаңа жоспарға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын 2026 жылы сатуды қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстарды қазірден бастауды тапсырды.

"Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық офис тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оңтайландырумен қамтылмай қалған салаларға талдау жүргізуді жалғастырсын", – деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу