Премьер-министр Олжас Бектенов туризмді дамыту мәселесіне қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, туризмді дамыту саласында қабылданып жатқан шаралардың барлығы кешенді түрде жүруге тиіс. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне бірқатар тапсырмалар берілді.
"Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, үш ай мерзімде туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын бекітуге тиіс. Курорттық аймақтар мен табиғи парктердің бас жоспарларын цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ ұлттық туристік порталға кіруге мүмкіндік беретін QR-кодтарды әуежайларда, вокзалдар мен шекара бекеттерінде, туристер көп жиналатын жерлерде орналастыру қажет", – деді Үкімет басшысы.
Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 2 ай мерзімде барлық мәдени, оқиғалық, спорттық және басқа да іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін бекіту тапсырылды.
Сондай-ақ туристік гидтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдау керек, деп атап өтті ол.
Сондай-ақ "Tax Free" тетігін енгізудің нақты алгоритмін әзірлеу жүктелді.
"Өңір әкімдері туристік объектілерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмысын жандандыруы қажет. Көлік, Сауда, Ұлттық экономика, Туризм министрліктері мен әкімдіктер жол бойындағы сервисті жақсарту жұмыстарын жалғастырсын. Күре жолдың бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету станциялары қабылданған стандарттарға сай болуы керек. Сондай-ақ осы бизнесте жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр туристердің қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аудару қажет екенін де баса айтты.
"Бүкіл инфрақұрылымға – әуежайлардан бастап қонақ үйлерге, сауда нүктелеріне, тамақтану орындарына, концерт алаңдарына дейін – қауіпсіздік пен жайлылық тұрғысынан ревизия жүргізілуі қажет. Туризм, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері, арнаулы мемлекеттік органдар ауқымды мәдени, спорттық және туристік іс-шараларды өткізу кезінде барынша жәрдем көрсетуі қажет. Оларды ұйымдастыру мен өткізу деңгейі экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, еліміздің имиджін нығайтып, инвесторлар мен туристер үшін тартымдылықты арттыра түседі", – деді Үкімет басшысы.