Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесіне арналған монография жазылып жатыр. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілісте "Сталкинг пен некеге мәжбүрлеудің алдын алу: заңнама, қорғау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
"Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында атап өткендей: "Қыз ұрлау – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі тағылық қылмыс. Мұндай қатыгез әрекеттерге мүлдем жол берілмейді". Мәселенің тарихына үңілетін болсақ, некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу бастамасы 2023 жылы көтерілген болатын. БҰҰ органдары тарапынан осы мәселеге қатысты алаңдаушылық негізгі себептердің бірі болды. БҰҰ қоры 2014 жылы Қазақстанда осы жағдайға қатысты арнайы шолу әзірлеген болатын", – деді Артур Ластаев.
Спикер былтыр шілде айында Президент некеге мәжбүрлеу бойынша қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін заңға қол қойғанын атап өтті. Осылайша Қылмыстық Кодексте 125-1 бап пайда болды.
Артур Ластаев сталкинг мәселесі де назардан тыс қалмағанын жеткізді.
"Бүгінде әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне арналған монографияны аяқтау жұмыстары жүргізілуде. Құжатта осы саладағы халықаралық стандарттарға талдау жасалып, оларды ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесіне енгізудің ерекшеліктері қарастырылады. Сонымен қатар әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ететін институционалдық тетіктер, зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері, гендерлік және экономикалық теңсіздік проблемалары жан-жақты талданады", – деп атап өтті омбудсмен.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, монографияны дайындау барысында кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізілген.
"Монография бойынша жұмыстар жақын арада аяқталады деп жоспарланып отыр. Кейін ол құзырлы институттың ресми сайтында жарияланады", – деді Артур Ластаев.