"Есіл" аймақтық дамыту орталығы қызметіндегі басым бағыттардың бірі жергілікті өнімдер мен тауарлардың сыртқы нарықтағы бәсекелестігін арттыру болып табылады, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне сілтемемен strategy2050.kz.
Оның директоры Руслан Шариповтың айтуынша жыл өткен сайын шекаралас аймақтардағы өңірлер арасында сауда-саттық көлемі артып, экспорттық әлеуеттің біршама артқаны байқалады.
"Орталықтың бастамасымен Омбы қаласында екі сауда орталығы ашылып, солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің үшжүзден астам азық-түлік өнімдері қойылған. Қазіргі уақытта 15 шетелдік компаниямен қоян-қолтық жұмыс істейміз", – дейді Руслан Шарипов.
Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстары арасыдағы екітараптық меморандумнан кейін экологиялық жағынан таза өнімдерге деген сұраныс үш есеге дейін артқан. Биыл Түмен, Екатеринбург, Новосібір қалаларында сауда павильондарын ашып, Солтүстік Қазақстаннның сапалы, қолжетімді өнімдерін жеткізу жоспарланып отыр.
Омбы қаласындағы "ҚазМаркет" ААҚ-ның жетекшісі Евгений Бойцов бірнеше азық-түлік дүкені жұмыс істейтінін, түскен табыс күткендегіден екі есеге асып түскенін жеткізді. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ азық-түлік өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Сүт, ет өнімдері күнделікті жеткізілгеніне қарамастан сөреде жатпайтын көрінеді.