"Өмір сүргілерің келсе, арызданбаңдар": 2021 жылы Хасаннан жәбір көрді деген жігіттің анасы бар шындығын айтты

2725

Хасанның ұсталғанына талғардықтардың қуанғаны рас па?

"Өмір сүргілерің келсе, арызданбаңдар": 2021 жылы Хасаннан жәбір көрді деген жігіттің анасы бар шындығын айтты Фото: Бейнежазбадан

"Хутор" бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев ұсталған соң, оның қолынан жәбір көрді деген жігіттің анасы оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Айтуынша, 2021 жылы дүкен иесі камера жазбаларын алдын ала өздеріне бермегенде барлық дәлелді полицейлер жоятын еді. Олар тіпті сол кезде жәбір көрген Арман Әлиев жатқан жансақтау бөліміне келіп, жақындарын арызды қайтарып алсын деп қорқытқан. Бұл туралы inbusiness.kz сайты “Аiran” YouToube арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Арман Әлиевтың анасы жақында Хасанды ұстағанын естігенде таңғалғанын, тіпті қуаныштан төбесі көкке жеткенін жеткізді. Себебі ол әділдік іздеп үш жыл бойы жүгірген. Үміті үзілген кезінде осындай оқиға болған. 

"Хасанды ұстар алдында бізді Қонаев қаласындағы полиция департаментіне тергеуге шақырды. Сөйтсек, олар біздің ескі ісімізді көтеріпті. Ол кезде біз Қасымбаев Хасанға басты тапсырыс берген адам ретінде арызданған едік. Сенесіздер ме, бұдан соң ол үш көлікпен өз адамдарымен полицияға келді. Олардың өздерін қалай ұстағанын көрсеңіздер! Барлығы ақылынан адасқан адамша ашуланып, жындана жүгірді. Себебі ол біздің іс бойынша қамайтынын күтпеген еді ғой. Ол өзінің арты таза екеніне сенімді болып келген. Ал бірге келгендер мен адвокаттары оны ұстағанын түсінгенде қобалжып, қорыққандарынан қайта-қайта темекі шегіп, әрі-бері жүрді. Біреулерге хабарласа бастады. Олар мұны күтпеді", – деді ол.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиға өзі үйде жоқ кезде болған. Үлкен ұлы Арман сол күні інісіне хабарласып, дүкенде велосипеді қалып қойғанын, соны алып кетуін өтініп хабарласқан.

"Кіші ұлым дүкенге барып велосипедті алып бара жатқанда сатушы шығып, кім екенін сұрап, тоқтатқан. Содан соң дүкенде болған оқиғаны айтып, кіші ұлыма видеосын жіберейін деген. Сол кезде кіші ұлым сол видеоны өзінің WhatsApp желісіне жіберіп алмағанда, қазір ешқандай дәлел болмас еді. Полицейлер барлық дәлелдің көзін құртар еді. Кейін біз үлкен ұлымды іздеп дер кезінде таптық. Сәл уақыт өтсе бәлкім жағдай бұдан да ауыр болар ма еді? Ол жерде құзырлы органдар, бәрі қарауылдап тұрды. Ұлымызды ауруханаға апарғанымызда тіпті жансақтау бөліміне дейін келіп, бізге арызымызды қайтып алуға үгіттеді. Қысым жасап, "өмір сүргілерің келсе, арызданбаңдар" деді. Кіші ұлым ашуланып, тергеудің орнына олардың осылай айтқанына күйінді. Кейін ол қорыққанынан ағасын алып облыстық ауруханаға ауыстырды. Себебі біз оның қауіпсіздігі үшін қорықтық.

Кейін тіпті іс дұрыс тергелмеді. Үш адамды жеңіл жарақат келтірді деген айыппен жауапқа тартты. Ал екеуі қашып жүрді. Ешкім оларды ұстауға тырыспады. Осы сәтте іздеуде жүрген адамның бірі қашып жүріп, одан да сұмдық қылмыс жасаған. Ол бір жігітті өлтіріп, біреуінің денсаулығына зиян келтірген. Салдарынан сот амалсыздан оны қамауға алды", – деп қосты анасы.

Әйелдің айтуынша, осы үш жылда барлық дәлелді өзі жинап келген. Осы кезеңде Хасан жалған көлік номерімен қала ішінде емін-еркін қозғалып жүрген.

"Бізге жаңа облыс әкімі сайланғанда тұрғындармен кездесу кезінде микрофонға жүгірдім. Сол кезде оның ағасы Аслан Қасымбаев мені итеріп микрофонға жолатпауға тырысты. Амалдың жоқтығынан әкім отырған трибунаға көтеріліп мені қабылдауын сұрадым. Ол қабылдап барлық істі бақылауына алатынын айтқанымен, еш нәтиже болмады. Мен бұл қылмыстық топтың көзін құртуды сұрадым. Бірақ еш әрекет жасалмады.

Оның байланысы мен тірегі мықты болды. Прокуратурада, әкімдікте туыстары, ағасы болды. Тіпті сот кезінде де оның ағасы Асылан Қасымбаев ешкімге кіруге болмайтын судья бөлмесіне біздің көзімізше еркін кіріп-шығып жүрді. Неге тал түсте олар бассыздықтар жасайды? Себебі осындай қорғаушыларына сеніп тұр. Тіпті дүкен иесі шығып “жігіттер бұларың не, камера тұр ғой” деген кезінде де олар ештеңеден қорықпайтындарын айтқан", – деп қосты ол.

Әйел қазір Хасанның ұсталғанына тек өзі емес, бүкіл Талғар қаласы қуанып жатқанын жеткізді.

"Үш жыл бойы құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүріп, үмітіміз үзілген еді. Алматыда бармаған жерім қалмады. Ал, оның ұсталғанын білгенде қуандым. Әділдіктің бар екеніне көзім жетті. Шынымды айтсам, оның ұсталғанына Талғар тұрғындарының өздері де қатты қуанып жүр. “Әйтеуір қамалды-ау, жазасын алады” деп жатыр. Меніңше, енді Қасымбаевқа қатысты сотқа жетпей жабылып қалған істердің бәрінің беті ашыла бастайды. Олар күш көрсетіп, кей жерде ақшамен барлығын реттеп жүрді", – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін "Хутор" бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың туыстары “оның ешқандай кінәсі жоқ" деп Президентке үндеу жасаған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу