"Өмірімнің аяқталғанын түсінемін": Сотта Сәрсемәлиев қайын жұртын неге өлтіргенін айтты

1591

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта алғаш рет жауап берді.  

"Өмірімнің аяқталғанын түсінемін": Сотта Сәрсемәлиев қайын жұртын неге өлтіргенін айтты Фото: tengrinews.kz

Ол бұрынғы жұбайының отбасымен болған жанжал туралы айтып, қылмысқа жылдар бойы жиналған өкпе мен өшпенділік себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" газетіне сілтеме жасап.  

Айыпталушы жауап алу басталған сәтте жәбірленуші тарап пен прокурордың сұрақтарына жауап бермейтінін айтты. Ол судья мен өзінің адвокатының сұрақтарына жауап беруге келісім берді. Сәрсемәлиевтің сөзінше, отбасындағы мәселелер енесі Нәсіп Өтешқалиеваның араласуынан кейін басталған. Ол енесі оны ұнатпағанын және бірнеше жыл бойы қысым көрсеткенін жеткізді. Ол Ақбаянмен 2016 жылдан 2021 жылға дейін бірге тұрғанын, ал 2022 жылы төрт баласы бола тұра оларды ажырасуға мәжбүрлегенін айтты. Ажырасқаннан кейін де екеуі араласуды жалғастырған. Сотталушы бұрынғы жұбайының туыстары балаларға берілетін жәрдемақыны алу үшін өз мүдделерін көздегенін де мәлімдеді.

Сұлтан Сәрсемәлиев 2024 жылғы оқиғаларға да тоқталды. Оның айтуынша, бесінші баласына жүкті болған Ақбаянның өкпесі қабынып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер ана мен баланы аман алып қалу үшін күшті дәрілер қолдану қажеттігі туралы оған жұбайы ретінде хабарласқан. Алайда айыпталушының сөзінше, Ақбаянның әкесі Мақсат Қарабалин мен ағасы Наурыз Мұқанғалиев оны ауруханадағы әйелімен кездестірмеген.

Сәрсемәлиев сол кезден бастап бойында ашу мен өшпенділік жинала бастағанын айтты. Наурыз Мұқанғалиевтің қазасы туралы айта келе, айыпталушы тағы да өзін-өзі қорғау нұсқасын алға тартты. Оның сөзінше, өткен жылдың мамыр айында Наурыз жұмыс іздеп емес, қарындасын алып кету үшін келген. Екеуінің арасында жанжал туындап, кейін ол төбелеске ұласқан. Айыпталушы отбасын сақтап қалуға тырысқанын айтты. Алайда оның сөзінше, "бойдақ адам менің жағдайымды түсінбейді" деген сөзінен кейін Наурыз оған шабуыл жасаған.

Айыпталушының айтуынша, Наурыз оның мойнынан ұстап, тұншықтыра бастаған. Сол кезде ол қолына пышақ алған.

"Ол мені тұншықтырғанда миым жұмыс істемей қалды. Мен өзімді қорғауым қажет екенін ғана ойладым, себебі дем ала алмай жаттым", – деді Сұлтан Сәрсемәлиев.

Судьяның "неге қолыңызға пышақ алдыңыз" деген сұрағына ол бойын қорқыныш билегенін айтты. Сотталушы оқиғадан кейін марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие алғанын, оның атынан ата-анасына WhatsApp арқылы хабарламалар жібергенін мойындады.

Бұл ретте айыпталушы бұрынғы қайын атасы мен қайын енесінің үйіне оларды өлтіру ниетімен барғанын жеткізді.

"Шайтан азғырған шығар. Бұл шарасыздықтан болды. Осыдан кейін түрмеге түсіп, ұсталатынымды түсіндім", – деді ол.

Сотталушы балаларын қайтара алмайтынын ауыр қабылдағанын әрі олармен байланысын біржола жоғалтып алудан қорыққанын айтады.

"Балаларымнан айырылғанша, өзім кеткенім дұрыс деп ойладым. Балаларды әкете алмадым. Балалардың үлкені де, кішісі де әжесіне қатты бауыр басып қалған болатын", – деді Сұлтан Сәрсемәлиев.

Сотта Сәрсемәлиев Ақбаянның туыстары оның балаларына дұрыс қарамағанын, ал Нәсіп Өтешқалиева әлі дүниеге келмеген бесінші баланың өлімін тілегенін де айтты. Айыпталушы сәбидің амандығы үшін қолынан келгеннің бәрін жасағанын жеткізді.

"Сол уақытта бүкіл жиналған өшпенділік сыртқа шықты", – деді ол.

Сотталушы әуел басында қарусыз келгенін, кейін пышақ тапқанын мәлімдеді. Ол біраз уақыт қайын атасын бақылап, оның қораға кірген сәтін күткенін айтты.

"Сол кезде шешім қабылдадым", – деді айыпталушы.

Айыпталушы отбасының барлық мүшесіне қастандық жасауды ойлағаны да айтылды. Ақбаянды көрген кезде бұл ойынан айнығанымен, кейін жоспарын жүзеге асырған.

Сәрсемәлиев Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру туралы ойы болмағанын мәлімдеді. Қайын атасы мен қайын енесінің қазасынан кейін ол Ақбаян мен Мейрамгүлді Мұнайшы ықшамауданындағы үйге алып барған.

Оның айтуынша, жолда олар тамаққа тапсырыс беріп, ал үйге келген соң Мейрамгүл басқа балалар қайда екенін және неге Ақбаян үнемі ұйықтай беретінін сұраған. Айыпталушы қызда психикалық дамудың тежелуі болғанын және туыстарынан естіген сөздерді жиі қайталайтынын жеткізді.

"Оны өлтіремін деп ойламадым. Себебі Мейрамгүлді Ақбаянмен бірге Жангелдиннен әкелмес едім. Экспертизадағы 32 пышақ жарақаты болғаны туралы қорытындымен келіспеймін, бірақ бұл менің әрекетімді ақтамайды", – деді ол.

Жауап алу соңында айыпталушы барлық әрекетті өзі ойластырғанын мойындады. Сондай-ақ қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп қалғанын, шетелде өлуге дайын болғанын айтты. Сұлтан Сәрсемәлиевтің сөзінше, ол құқық қорғау органдары оны ұстау кезінде қарсылық танытпаған.

"Өмірімнің аяқталғанын түсінемін", – деді айыпталушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу