Өмірін сақтандырып, дүниеден өткен адамның сақтандыру полюсі туралы туыстары қалай біледі?

604

Елімізде сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор базасы бар. 

Өмірін сақтандырып, дүниеден өткен адамның сақтандыру полюсі туралы туыстары қалай біледі? Фото: Егемен Қазақстан

Мұнда сақтандыру полюсін сатып алған адамға қатысты барлық ақпарат көрсетілген. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директордың орынбасары Сағи Әжібек айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Тілші "Егер өмірі мен денсаулығын сақтандырған адам кенеттен қайтыс болса және сақтандыру туралы туыстарына айтпаса, жақындары бұл туралы қалай біледі? Сақтандыру төлемін қалай алады?" деген сауал қойды.

"Шыны керек, осындай мәселе бойынша азды-кем өтініштер түсіп жатады. Негізінен осындай жағдайларға тап болған кезде адамдар бұл ақпаратты Мемлекеттік кредиттік бюродан ала алады. Себебі заң бойынша Мемлекеттік кредиттік бюро базасында бірыңғай дерекқор базасы құрылған. Сонымен қатар заңға сәйкес сақтандыру компаниялары сақтандыру шартын жасаған кезде немесе сақтандыру төлемдерін жіберген кезде тиісті мәліметтерді бірыңғай дерекқорға беруге міндетті. Мұнда сақтандыру полюсін сатып алған адамның аты-жөні, ЖСН, сақтандыру сыйақысы, жасалған төлемдер, сақтандыру компаниясының атауы секілді мәліметтер болады", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сағи Әжібектің сөзінше, былтыр сақтандыру нарығын дамытуға қатысты заң жобасы қабылданған.

"Құжатқа бірқатар талаптарды енгізген болатынбыз. Мысалы, адам көлік апаты салдарынан қайтыс болса, оқиға орнына құзырлы орган өкілдері келетіні белгілі. Одан кейін бұл дерек мемлекеттік базаларда тіркеледі. Базада осындай ақпараттар тіркелген жағдайда, қайтыс болғандардың жақын туыстарының тізімі сақтандыру компанияларына бірыңғай дерекқор арқылы жіберіледі. Осы ақпаратты алған компания қайтыс болған адамдардың туыстарын іздеп, сақтандыру төлемін жасауға байланысты тиісті шараларды қабылдауға міндетті", - деп нақтылады спикер.

Айта кету керек, осыған дейін елімізде сақтандыру компаниясы жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу