Өмірзақ Шөкеев: Бидай өткізіп жүрген дәстүрлі нарықтарда бәсеке күшейіп барады

1088

Өмірзақ Шөкеев: Бидай өткізіп жүрген дәстүрлі нарықтарда бәсеке күшейіп барады

Қазақстан бидайын өткізіп жүрген дәстүрлі нарықтарда бәсеке күшейіп барады. Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында  ҚР премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Өмірзақ Шөкеев 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбында баяндама жасады. Бұл орайда бірнеше салалық бағдарламалар қамтылмақ.  

"Өсімдік шаруашылыған келетін болсақ, еңбек өнімділігін арттыру үшін біз ең алдымен сұраныс жағын сараптауымыз қажет. Бидай мен ұнның өндірісі қазір толығымен экспортқа байланысты болып тұр. Біздің қалыптасқан дәстүрлі нарықтарымызда бәсеке күшейіп бара жатыр. Транзиттік елдер тарапынан протеционистік, яғни ішкі нарықты қорғау әрекеттерін байқаймыз. Әрине, дәстүрлі нарықтарымыз үшін күресті жалғастырамыз", - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар жаңа нарықтарды кеңейту қажеттігіне тоқталған министр, былтыр Қытайға квотамен 150 мың тонна бидай жөнелтілсе, биыл квотадан тыс 200 мың тонна экспортталғанын атап өтті. Министрлік мақсаты - алдағы жылдары бұл көлемді 1 млн тоннаға жеткізу.

"Иранға соңғы жылдары бидай мүлдем экспортталмаған. Қазір Еуразиялық экономикалық одақ аясында бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Менің ойымша, жақын арада Иранға экспортталатын болады", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өмірзақ Шөкеев фермерлердің тұқым алуға жұмсаған шығыстары өтелетінін мәлім етті.  Сонымен қатар ол фермелерге техниканы тиімді жолмен беру жолдарын атады.     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу