Өмірзақ Шөкеев биыл қанша астық жиналатынын айтты

1031

Жамбыл, Түркістан облыстарында егін ору жұмыстары аяқталуға жақын.

Өмірзақ Шөкеев биыл қанша астық жиналатынын айтты

Биыл елімізде 20 млн тонна астық жиналады деп күтілуде, деп хабарлайды abctv.kz.

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

"Астықтың жалпы жиналымы 20 млн тонна болады деп болжануда. Бұл биылғы қуаңшылық жағдайында жаман көрсеткіш емес. Негізгі астық өсіретін өңірлер егін жинауға тамыз айының соңында – қыркүйек айының басында кіріседі. Әкімдіктердің деректері бойынша техникалар егін жинауға 100 пайыз дайын", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның айтуынша, бүгінде егін жинау жұмыстары Жамбыл (95,2%) және Түркістан (95,6%) облыстарында аяқталуға жақын. Аталған өңірлер бойынша орташа түсімділік гектарына 21 центнерді құрады.

"Жинау жұмыстары Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатыр. Аталған облыстарда дәнді дақылдар жиналатын алқап 3 млн гектарды құрайды. Оның 1,1 млн гектары немесе 36%-ы жиналды. Гектарына 18,1 центнер орташа түсімділікпен 2 млн тонна астық бастырылды", – деді премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі.

Егін жинау жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінген.

"Шілде айына бөлінген көлемді өңірлер негізінен толықтай алды. Тамыз айына арналған жанар-жағар май көлемі (110 мың тонна) үшін ақы төленді. Алайда ресурс ұстаушылар тарапынан аталған көлемді тиеп, жөнелту проблемасы туындап отыр. Осыған байланысты энергетика минитсрлігінен тамыз айының, сол сияқты қыркүйек және қазан айларының көлемдерін уақытылы тиеп, жөнелтуді қамтамасыз етуді сұраймыз", – деді Өмірзақ Шөкеев.

 Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу