ҚР премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктермен танысу мақсатында өзінің жұмыс сапарын Бұланды ауданынан бастаған Өмірзақ Шөкеев Алтынды ауылындағы "Қайрат" шаруа қожалығында болды. Шаруашылық басшысынан мал шаруашылығы туралы сұрап білді. Қожалық басшысы Сағадат Қабикеновтің айтуынша, қожалық егін салумен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Шаруашылықтың 58 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен қасапханасы да бар.
Сонымен қатар, Өмірзақ Шөкеев Макинск қаласының маңында индустрияландыру картасы аясында жүргізіліп жатқан еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасының құрылысы жұмыстарымен танысты. "Макинск құс фабрикасы" ЖШС-ның директоры Алексей Шевченконың айтуынша, тірі салмақтағы жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайтын болашақ құс фабрикасы 2015-2019 жылдар аралығында екі кезеңмен салынып бітпек. Жобаға құйылатын инвестицияның көлемі 43 миллиард теңге шамасында болмақ. Жобаны жүзеге асыру барысында "ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы", "Бизнестің жол картасы-2020" және "Агробизнес-2020" тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көзделіп отыр.
Одан әрі министрдің сапары Бурабай ауданында жалғасты. "Казбиф процессинг" және "Есіл-Агро" серіктестіктерінде ет және сүт өндірісіне көңіл бөлді. Іргелі шаруашылықтардың бірі "Есіл Агро" ЖШС-ның мал шаруашылығы кешенін, Көкшетау қаласындағы Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған "Қазақстан агроинновациялық корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс цехтарын аралап көрді.
Сапар соңында Ақмола облысындағы ет бағытындағы кооперацияны дамыту мәселелері бойынша өтетін мәжіліске қатысады деп жоспарланған. Мәжілісте саланы дамытудың перспективалық бағыттары, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау саясаты талқыланады.