Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1,5 есе ұлғаяды

984

"Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасы экономиканы әртараптандыруды көздейді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1,5 есе ұлғаяды

2021-2025 жылдар аралығын қамтитын ұлттық жоба 5 бағыттан, 6 негізгі мақсаттан және 13 көрсеткіш пен 56 іс-шарадан тұратынын тілге тиек еткен министр 2025 жылға дейін атқарылатын шара аясында индустриялық-инновациялық дамуға, мұнай-газ химия кешенін ілгерілетуге, геологиялық зерттеу жүргізуге, энергетикалық кешеннің жаңа мүмкіндіктерін ашуға және шикізаттық емес экспортты арттыруға басымдық берілетінін баяндады. 

"Ұлттық жобаны жүзеге асыруға 15,9 трлн теңге қарастырылады. Оның 402 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, 15, 532 трл теңгесі жеке инвестициялардан тартылады", – деді Әсет Ерғалиев. 

Министрдің мәлімдеуінше, Ұлттық жобаның "Индустриялық-инновациялық даму" бағыты аясында 2 негізгі міндет айқындалды. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту және өндіріс көлемін ұлғайтып, өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту. 

"Бірінші міндетті шешу үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға жұмсалған шығындарын өтеуге бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыру көзделеді", – деді Әсет Ерғалиев. 

Министр 2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіптегі цифрлық технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесін 7-ден 23%-ға дейін арттыру жоспарланғанын жариялады. 

"2025 жылға қарай 418 индустриялық жоба іске асырылып, негізгі капиталға 11 трлн теңгеден аса инвестиция тартылады. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1,5 есе ұлғаяды", – деді Әсет Ерғалиев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу