Өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы рөлі

180

Бұл саланың әлеуеті зор.  

Өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы рөлі Фото: baq.kz

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің дамуына жіті көңіл бөлініп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салада оң өсім тіркеліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келгенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының сөзінше, экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастырған жөн. Бұл ретте Президент терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілу қажеттігін баса айтты.

Осы тұста сандарды сөйлетсек. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы негізгі салалардың дені оң өсім көрсеткен. Мәселен, ел экономикасының драйвері болып есептелетін бағыттар оқ бойы озды. Атап айтқанда,  машина жасау, дайын металл бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп, химия саласы және құрылыс материалдары. Әлемдік нарыққа тәуелді металлургия саласында да жақсы өсім байқалғанын тілге тиек ету керек.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп болашақтың еншісіндегі жоспардың бірі емес, экономиканы алға сүйрейтін нақты күшке айналып отыр. Жаңа зауыттар ашылып, инвестициялар көбейіп, өндіріс түрлері кеңейіп келеді. Үкімет бұл салаға жіті көңіл бөлуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджетке түсетін кірістің артуына және бәсекеге қабілетті өнімнің көбеюіне ықпал етері даусыз.

Осы тұста "Қазақстан экономикасында өңдеу өнеркәсібінің қазіргі рөлі қандай?" деген сұрақ туындайтыны түсінікті.

"Жалпы өңдеу өнеркәсібі экономиканы әртараптандырудың негізгі секторларының бірі болып саналады. Қазіргі таңда оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 12-14 пайызға тең. Енді негізгі рөлі шикізатты терең өңдеу арқылы қосылған құнды арттырады, жұмыс орындарын құрады, әсіресе, бұл аймақтарға қатысты. Сондай-ақ экспорт құрылымын жақсартады. Яғни дайын өнім үлесін өсіреді және технологиялық даму драйвері ретінде де қызмет жасайды. Дегенмен, әлі де болса тау-кен секторы басым, сондықтан өңдеу өнеркәсібінің үлесі жеткілікті деңгейде емес", – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Сарапшы бұл стратегиялық маңызды бағыт екенін баса айтты. Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібі дамитын болса, экспорт шикізат күйінде азаяды, оның орнына дайын өнім экспортталады.

"Одан кейін бағаға тәуелділік төмендейді. Мұнай, металл бағасының құбылуы аз әсер ететін болады және де ішкі өндіріс күшейіп, экспортқа тәуелділік азаяды да, бұл экономиканың тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Мысалы, мұнайды тек сатпай, мұнай-химия өнімдерін шығаратын болсақ, табысты бірнеше есе арттыруға болады деген сөз", – деп атап өтті сала маманы.

Бауыржан Ысқақов саланың әлеуеті жоғары екенін жеткізді.

"Бұл бірнеше факторға байланысты. Оң факторлар ретінде мемлекеттік қолдау, яғни индустриялық саясат, әртүрлі жеңілдіктер бар, инфрақұрылымның дамуын айтуға болады. Ішкі нарықтағы өсу, Орта дәліз арқылы экспорттың мүмкіндіктері де бар. Егер жүйелі саясатты сақтайтын болса, онда алдағы 5-10 жылда өңдеу өнеркәсібі экономикадағы негізгі өсім драйверіне айналуы әбден мүмкін. Бұл үшін тек инвестициялық емес, технологиялық және адами капиталға да басымдық беруіміз керек", – деді экономист.

Қарапайым тілмен айтқанда, экономиканың негізгі қозғаушы күші енді тек шикізат өндіру емес. Соңғы жылдары индустриялық бағытқа ден қоюдың негізгі мақсаты да – осы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу