"Өндіріс ашқан кәсіпкерге тауарын өткізу – проблема"

1048

Атыраулық кәсіпкерлер проблемаларын ортаға салды.

"Өндіріс ашқан кәсіпкерге тауарын өткізу – проблема"

Атыраулық кәсіпкерлер отандық бизнесті қолдауға шақырады. Ол үшін жергілікті мекемелердің өзімізден шыққан тауарларды қолдануын қаперде ұстау керек, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында кездесуде өңірдегі бизнес иелері шенеуніктермен кездесіп, бірқатар өзекті мәселені талқылады. Атап айтқанда, кәсіпкерлік нысандарға жер бөлудегі проблемалар, жергілікті билік өкілдерінің бизнеспен ашық диалогта болмауы және газдың айналасындағы жайлар ортаға салынды. Өз кезегінде "Могикан" шағын зауыты басшысы Айсұлу Оразбаева жергілікті әкімдіктерді отандық кәсіпті қолдауға шақырды. 

"Өндірісті дамыту арқылы еліміздің көркеюіне үлес қоса аламыз. Себебі жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлер саны көбейеді. Алайда өндіріс ашқан кәсіпкерлер арасында тауар сату проблема болып отыр. Мәселен, мен 2020 жылы субсидия алып, жуғыш заттарды шығаратын шағын зауыт аштым. Бұл өндірісті Атырау облысы бойынша бірінші болып аштық. Алайда біздің тауарымыз тек базарға ғана өтеді. Өнімдерімізді жергілікті мекемелер, ауруханалар бастап қолданса, өндірістің көркеюіне жол ашылар еді", – деді Айсұлу Оразбаева.

Сонымен қатар кездесуде инфақұрылым мәселесі көтерілді. Кәсіпте он екі жыл тәжірибесі бар Майра Мұханбетова құрылысы аяқталған спортзалға жылу жүйесін тарта алмай жүр. 

"2018 жылдан бері жастар спорт командасының демеушісімін. Атырау қаласында футзалдың аздығынан жастарға арналған спортзал ашамын деп шештім. 2020 жылы субсидия алып, бүгінде кешеннің құрылысын аяқтадым. 2021 жылдың наурыз айында АҚ "ҚазТрансГазАймақ" мекемесіне барып, жылу беруге өтініш жаздым. Арада бір жыл өтсе де мекеме бізге газ жүргізуге рұқсатын бермеді. Жанымызда салынған үйлерде газ бола тұра бізге жетпей қалуы үлкен мәселе болып отыр", – деді Майра Мұханбетова.

Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағының басшысы Айбар Жаниязов бұл шараның жемісті болып, оңтайлы шешімдерге жол ашарына сенім білдірді. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу