Өндіріс орындарындағы жазатайым жайттар алты адамның өмірін жалмады

Барлығында да кәсіпорын басшылығының кінәсі дәлелденді.  

Өндіріс орындарындағы жазатайым жайттар алты адамның өмірін жалмады Фото: naryk.kz

Былтыр Павлодар облысындағы кәсіпорындарда барлығы 110 оқыс жағдай тіркелді. Салдарынан алты адам көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұл ретте өңірдегі ең қауіпті бес кәсіпорынның тізімі жасалды. Оның көшін Ақсу ферроқорытпа зауыты мен "Еуразиялық энергетикалық корпорация" АҚ бастап тұр. Бұл кәсіпорынның әрқайсысында алты жазатайым оқиға орын алған. Ал "KSP Steel", "Богатырь-Көмір"  және Павлодар алюминийі зауыттарының әрқайсысында бес адам жарақат алған. 

"Олар ірі әрі қауіпті кәсіпорындар болғандықтан, антикөшбасшылар тізімінің бестігіне кіруі заңдылық та шығар. Бірақ бұл жауапкершілікті жеңілдетпейді. Олардың кейбіріндегі құрал-жабдықтардың әбден тозығы жеткен. Ол да жарақат алуға әкеп соғуы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, қандай да бір кәсіпорында қызметкерлер қатары неғұрлым көп болса, жайсыз жайттар да соғұрлым жиі орын алып жатады", - дейді облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов. 

Белгілі болғандай, жұмысшылар көп жағдайда тау кен-металлургиялық өндіріс кешенінде жазатайым жағдайға ұшырайды. Былтыр осы салада еңбек ететін 33 адам түрлі дене жарақатын алды. Құрылыс саласындағы 15 жұмысшы, энергетикалық кешенде қызмет ететін 7 адам қауіпсіздік сақталмауының "құрбаны" болды. 

Жалпы, былтыр аймақтағы өндіріс орындарында барлығы 110 жазатайым жағдай тіркелді. Соның салдарынан 112 адам зардап шекті. Оның 66-сы ауыр жарақат алды. Барлық жағдайда кәсіпорынның кінәсі толық дәлелденді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу