Өндірістен келген педагогтерге аттестаттаудан өтпей біліктілік санаты беріледі

1070

Еңбек өтілі 10 жылдан асатын педагогтерге жалақыға 35% үстемеақы төленіп, сарапшы санаты беріледі. 

Өндірістен келген педагогтерге аттестаттаудан өтпей біліктілік санаты беріледі Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінде айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар өндірістен тартылған педагогтерге аттестаттаудан өтпей "педагог – модератор" біліктілік санаты беріледі. Сондай-ақ жалақысының 30% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.

"Барлық қажетті кәсіби технологияларды меңгерген білікті маман даярлауда негізгі орын оқу шеберлері мен колледждің арнайы пән педагогтеріне тиесілі. Өйткені олар студенттерге білім беріп қана қоймай, дағды қалыптастыру үшін өзінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, өндірістегі білгенін үйретеді. Сондықтан өндірістен тартылған педагогтер үшін осы шаралар қарастырылған. Колледждерде алғаш рет педагогикалық қызметке кіріскен және кемінде 2 жыл өндірістік өтілі бар мамандар тестілеуден өтпей-ақ "педагог" біліктілік санатын ала алады. Сонымен қатар өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары аттестаттаудан өту кезінде тестілеуден босатылады, тек қызмет нәтижелерінің жалпы кешенді тексеруінен өтеді. Бұл өзгерістер колледж педагогтерін ынталандыратын болады және кадр даярлау сапасын арттырады",– дейді департамент директоры Ернат Жүнісов.

Сонымен қатар зейнеткерлік жасына 4 жыл қалған педагогтер, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде тестілеуден босатылатын болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу