Қарағандыда "Атамекен" ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес жұмысына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, бизнес-қоғамдастық өкілдері, аумақтық органдар және даму институттарының өкілдері қатысты.
Тимур Құлыбаев Қарағанды өңірінің – Қазақстанның индустриялық орталығы ретіндегі дамуының маңыздылығын атап өтті. Қазіргі таңда "Атамекен" және ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін, кәсіпорындардың жұмыс жүктемесін бақылауға арналған "Өнеркәсіп" ақпараттық жүйесін әзірлеуде, жүйе ынтымақтастық және өнім сатуды кеңейту мақсатында кәсіпорындар үшін контрагенттерді іздеуге көмектеседі. Ол үшін бірінші кезеңде, елдің 2000-нан астам өңдеуші кәсіпорнын қамту жоспарланған, соның ішінде 352 кәсіпорын Қарағанды облысында орналасқан.
Алайда индустриялық өңірде мамандар тапшы, бұл жайт облыстың өзекті мәселелерінің бірі. "Атамекен" мәселені шешудің бір жолы ретінде кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарында ынта танытқандарды қысқа мерзімді дайындауды ұсынды.
"Облыста мұндай 35 оқу орталығы бар. Аталған әдістеменің жақсы нәтижесі – 78%-ға жеткен жұмыспен қамтылудың көрсеткіші. Қазіргі таңда кәсіпорындар тарапынан мамандарды дайындаудың осындай форматына қызығушылық бар. Осы бағытты қолдау және дамыту негізді деп санаймын", – деді Тимур Құлыбаев.
Сонымен қатар қатысушылар Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтың "Қарағанды облысындағы кәсіпкерліктің қазіргі жағдайы мен перспективалық бағыттары туралы" баяндамасын тыңдады, ары қарай ағымдағы мәселелерді талқылауға көшті.