Өнеркәсіп өндірісінің индексі 2024 жылғы қаңтар-ақпанда 104,6% құрады, осы кезеңде барлығы 7 502,7 млрд теңге сомасына өнім өндірілді, оның ішінде тау- кен өндірісінде – 3 566,7 млрд теңгеге (жалпы көлемнің 47,5%), өңдеу өнеркәсібінде – 3 237,9 млрд теңгеге (43,2%)., деп жазады inbusiness.kz сайты Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
2024 жылғы қаңтар-ақпанда тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласындағы өсім 1,9% болды, бұл металл кендерін (107,2%), басқа да пайдалы қазбаларды (102,9%) және тау-кен өнеркәсібіндегі қызметтер (106,9%) өндірісінің өсуімен байланысты.
Өңдеу өнеркәсібінде есепті кезеңде өсім 7,4% құрады. Мұндағы өсім химия өнеркәсібі – 25,3%, металлургия – 10,6%, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіруде – 24,3%, машина жасауда – 23,4%, өзге де дайын бұйымдарда 1,8 есе белгіленді.
7,5% ұлғайған электр энергиясын өндіру, беру және тарату есебінен электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен қамтамасыз етуде өсім 4,9% құрады.
Сумен жабдықтау, су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметінде екі айда 3,8% өсім байқалды. Оның ішінде ақаба суларды жинау және өңдеу 5,5%, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою; материалдарды кәдеге жарату (қалпына келтіру) бойынша көлемдер 4,9% артқан.