Өнеркәсіп сапасының өсуі үшін ғылым мен индустрияның тығыз интеграциясы қажет – Әлихан Смайылов

Үкімет отырысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру шаралары талқыға салынды. 

Өнеркәсіп сапасының өсуі үшін ғылым мен индустрияның тығыз интеграциясы қажет – Әлихан Смайылов Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің айтуы бойынша, ғылыми әзірлемелерді енгізу – өндірістерді жаңғыртудың және жалпы экономиканың инновациялық дамуының басты шарты. Бұл туралы inbusiness.kz сайты ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

"Өнеркәсіп сапасының өсуі үшін ғылым мен индустрияның тығыз интеграциясы қажет. Біз отандық ғылымның мүмкіндігін кеңейту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдаймыз. Тиісті шаралар кешені Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген", — деп түсіндірді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысының айтуынша, басты назар қолданбалы ғылымды дамытуға, бизнесті ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыруда белсенді болуды ынталандыруға, ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтар құруға аударылады.  

"Тұжырымдаманы іске асыру барысында ғылыми жобаларды коммерцияландыру мен бірлесіп қаржыландырудың үлесі 50%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде", — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің айтуынша, республикада технологиялық брокерлік және венчурлік қаржыландыруды енгізу көзделуде. Бұл бизнесті ғылым саласына атсалысуға ынталандырып, ғылыми жобалардың нақты нәтиже беруі үшін ортақ жауапкершілікті арттырады.

"Ғылымға жеке инвестициялардың тартылуы үшін салықтық жеңілдіктер мен преференциялар көзделетін болады. Ғылымды жергілікті бюджеттен қаржыландыруға алғаш рет мүмкіндік беріледі. Жалпы республикалық бюджеттің ғылыми мақсаттарға жұмсалатын шығыстары соңғы 3 жылда 3,3 есе өсіп, 643 млрд теңгені құрады. 2024-2026 жылдарға шамамен 730 млрд теңге қарастырылған", — деп толықтырды Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу