Бейбіт Атамқұлов: Өнеркәсіптік грант енгізіледі

1058

Парламент Сенатының жалпы отырысында "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң жобасы мен оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бейбіт Атамқұлов: Өнеркәсіптік грант енгізіледі

"Қолданыстағы заңнама кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді кеңінен қамтуға негізделген. Ол өнеркәсіпке жете назар аудармайды. Сол себепті өнеркәсіпті толық қамтитын заң жобасы әзірленді", – деп түсіндіреді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов

Оның айтуынша, заң жобасы мақсаты – экпсортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту және шикізаттық модельден ауысып, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

"Қайта өңдеушілерді отандық шикізатпен қамту механизмі көзделген. Шикізат өндіруші, қайта өңдеуші және салалық мемлекеттік орган арасында отандық шикізатпен қамту жөніндегі  үшжақты келісімдерге қол қойылады. Келісім шикізатты жеткізу көлемін, толық қайта өңдеу бойынша міндеттемелерді және ең бастысы бәсекелі баға белгілеуді көздейді", – дейді Атамқұлов.

Оның айтуынша, ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грант енгізу. Ол бірге қаржыландыру негізінде өндірісті технологиялық жаңғыртуға беріледі. 

"Екінші, мемлекеттік ынталандырудың барлық іс-шарасы орта және жоғары бөліністегі өнім өндірушілерге беріледі. Әдістеме негізінде өнімнің тиісті тізбесі бекітіледі. Осылайша, қайта өңдеуді тереңдетуге назар аударылады", – деді ол. 

Үшінші, көрсетілетін іс-шаралардың тиімділігін арттыру үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі. Олар бизнестің алып отырған іс-шараларының түрі мен көлемін ескере отырып айқындалады. Кәсіпорын міндеттемелерді орындамаған жағдайда оларды орындау деңгейіне қарай бюджет қаражатын қайтаруға тиіс. 

Төртінші, бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім енгізіледі. Ол ынталандыру іс-шараларының аралас пакетін алуға мүмкіндік береді. 

Бесінші, Өнеркәсіпті дамыту қорының 3 пайыздық жеңілдетілген қаржы беру функциясы көзделген. Ал нарықта инвестициялық жобаларды несиелеу мөлшерлемесі 6 пайыз және одан жоғары. 

"Алтыншы, цифрлық трансформациялау. Біз Германияның Фраунхофер институтымен бірлесіп, жүйеқұраушы кәсіпорындарға талдау жасадық. Олардың әрқайсысы цифрлық трансформацияның қай кезеңінде екенін бағаладық. Кәсіпорындарға цифрлық трансформация жүргізу үшін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және шетелдік мамандарды тарту, басқарудың жаңа әдістерін енгізу тетіктері көзделген. Жетінші, жылдан жылға ұсынылатын мемлекеттік ынталандыру іс-шараларының тізбесі кеңеюде. Бұл өз кезегінде бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауды талап етеді. Сондықтан барлық ынталандыру іс-шаралары "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы "бір терезе" қағидаты арқылы жүзеге асырылады. Біздің министрлік ынталандыру іс-шаралары бойынша үйлестіруші мемлекеттік орган болады", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу