Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жүк көтергіш механизмдерде болуы мүмкін апаттардың алдын алу мақсатында Алматы қаласы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы арнайы тексеру жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бақылау шарасына салалық инспектор қатысып, кранның техникалық жай-күйін бағалады, оның қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін тексерді және өндірістік бақылау жүйесінің тиімділігіне назар аударды.
Тексеру барысында кранның орнатылу сапасы, металл конструкциялары, негізгі механизмдері мен қауіпсіздік құрылғылары жан-жақты қаралды. Нәтижесінде техниканың пайдалануға жарамды екені расталып, оны әрі қарай қолдануға рұқсат берілді.
Осыған сәйкес инспектор кранның техникалық паспортына тиісті белгі қойды. Мамандар кәсіпорындарға техникалық куәландыруды белгіленген мерзімде өткізіп, өндірістік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың жазатайым оқиғалардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын еске салды.